Қазақстанда отандық ғылымға бөлінетін қаржы ұдайы артып келеді. Ал білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесуінде айтты, деп жазады Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президенттің айтуынша, қазір елімізде әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді.

«Өздеріңізге мәлім, ғылымға бөлінетін қаржы ұдайы артып келеді. Білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейді. Қазақстанда әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Көп ұзамай тағы бірнешеуі ашылады. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттер көбеюде. Технология парктері және инжиниринг орталықтары ашылып жатыр. Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Министрлік жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр. Мұның бәрі ғылымды дамытуға оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысының пайымынша, отандық ғалымдар шетелдік ғалымдармен ынтымақтастық орнатып, тығыз байланыста болу керек. Себебі, бұл – тәжірибе алмасудың тиімді жолы.

«Мен шетелге сапарларым кезінде ғалымдармен жиі кездесемін. Оларды қазақ ғалымдарымен тығыз байланыс орнатуға шақырамын. Өткен аптада сингапурлық ғалымдармен және ондағы жоғары оқу орындарының ректорларымен арнайы жүздестім. Енді Сингапурда ғылыми кадрларымызды оқытатын болдық. Жалпы, Сингапур сияқты экономикасы озық елдерден көп нәрсе үйренуге болады. Постиндустриалды дәуірде әлемге ашық болу және инновацияға ұмтылу кез келген елдің табысқа жетуі үшін аса маңызды фактор саналады. Сондықтан үздік халықаралық тәжірибені мұқият зерттейміз және одан үлгі аламыз. Озық технологиялар мен идеяларды енгіземіз», деді ел Президенті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!