Жамбыл облысындағы әскери бөлімде жұмбақ жағдайда қайтыс болған маңғыстаулық Әлібек Қалбай мен оның өліміне күдікті ретінде ұсталған Айболат Аманжоловтың аналары кездесті.

Екі ана да сарбаздың өліміне Айболат Аманжоловтың кінәлі екеніне сенбейді, деп хабарлайды Экспресс К.

Айболат Аманжоловтың анасы Айнұр Төлемісованың айтуынша, олар Маңғыстау облысына арнайы барып, қайтыс болған Әлібек Қалбайдың отбасымен кездескен.

«Арнайы барып, дұға бағыштадым. Отырып сөйлестік. Олар да тергеудің әділ болғанын және барлық басшылық құрамның жауапқа тартылғанын қалайды. Бір-бірімізге демеу болып, ақиқатқа бірге жететін боламыз. Өрімдей ұлымды адам өліміне кінәлі қылып, істі тезірек жабуға тырысып жатқан әскери тергеушілер де жазалануы керек», — дейді Айнұр Төлемісова.

Айнұр Төлемісова ұлы қамауға алынғалы сөйлеспегенін, оның денсаулығына алаңдайтынын айтты. Сондай-ақ осы істі әлеуметтік желіге жазған маңғыстаулық және атыраулық белсенділерді Әскери тергеу басқармасы шақырған.

22 cәуірде Алматы облысы Отар ауылында орналасқан Гвардейск гарнизоны әскери госпиталіне 18 жастағы маңғыстаулық сарбаз Әлібек Қалбай түседі. Жас жігіт ауруханада есін жимай қайтыс болды. Ол әскерге бірнеше күн бұрын ғана шақырылған. Қорғаныс министрлігі алдымен сарбаздың ботқаға түйіліп, қайтыс болғанын хабарлап, тіпті мүрдеде ешқандай зорлық-зомбылық іздері жоқ екенін айтты. Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев істі жан-жақты тергеуге тапсырма бергеннен кейін ғана Бас Әскери прокуратура атыраулық сарбазды қамауға алды. Алайда оның қамауға алынуы көпшіліктің күмәнін туғызды. Жігіттің туыстары Экспресс К тілшісіне эксклюзивті сұхбат беріп, көптеген былықтың бетін ашқан болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!