Бүгін ғана президент Қасым-Жомарт Тоқаев үш жыл бойы білім саласын басқарып келген министр Асхат Аймағамбетовті қызметінен босатты. Ұстаздар қауымының ыстық ықыласына бөленген экс оқу-ағарту министрі несімен есте қалды. Stan.kz тілшісі анықтап көрді. 

Асхат Аймағамбетов 1982 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Тарихшы, тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша 2003 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген.

2006 жылы Қарағанды «Болашақ» актуалды білім беру институтының заң факультетін «құқықтану» мамандығы бойынша аяқтаған. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «саяси ғылымдар» мамандығында білім алған.

Еңбек жолы

Еңбек жолын 2002 жылы Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ден бастайды. 

2004–2005 – «Аңсар» жастар лигасы» ҚБ төрағасы;
2005–2006 – «Медиа СП» ЖШС директоры;
2006–2012 – Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ саясаттану және әлеуметтану кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті;

2012–2014 – Нұра ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметі;
2014-2017 – Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы;
2017 жылы – ҚР білім жəне ғылым вице-министрі болып тағайындалды;
2019 жылдың қаңтар айынан бастап Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Әкім орынбасары ретінде Аймағамбетов ішкі саясат және әлеуметтік сала мәселелерімен айналысқан.
2019 жылдың 13 маусымында ҚР Білім және ғылым министрі болып тағайындалды. 
Ал 2022 жылдың маусымынан бастап оқу ағарту министрі қызметін атқарған. 

Отбасылық жағдайы

Жалпы, Аймағамбетовтың отбасылық жағдайын жасырын ұстайды. Алайда министрдің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында «үйленген» деп жазылған. Баласымен түскен суретін де жариялаған еді. 

Аймағамбетов қандай cындарға ұшырады?

Қашықтан оқытуға байланысты 

Парламент Мәжілісінің депутаты Дания Еспаева Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің білім және ғылым министрі болып тұрған кезінде жауапқа тартып, БҒМ-ге қаржылық тексеру жүргізу керек деген болатын.

«Жазда білім министрі Аймағамбетов жаңа оқу жылында қашықтан білім беру жағынан қиындық болмайды деп сендірген. Алайда «Ақжол» фракциясының депутаттары өңірлерді аралап шыққаннан кейін шілде айында министрге тағы үндеу жолдап, жағдайдың түзелмегенін жеткізген», – деді Еспаева мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттың айтуынша, көп балалы отбасылардың балалары бір смартфонға таласып, сабақ оқып жүр. Ал көптеген елді мекенде интернет те жоқ.

«Шалғай жатқан елді мекендер былай тұрсын, тамыз айында Қаскелең қаласының ата-аналары интернеттің жоқтығына шағымданған. Олар Алматы қаласынан небәрі 24 шақырым шалғай жерде тұрады. Жаңа оқу жылы басталған бойда әлеуметтік желілерде осы іспетті проблемалар көбейіп кетті. Сонда мемлекеттен бөлінген қаржы қайда кетті?», – деп ашуланды Еспаева.

Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылдан бері білім беру саласына республикалық бюджеттен шамамен 28 миллиард теңгеге трансферттер бөлінді. Соның ішінде 6 152 мектепке мультимедиялық құрал-жабдықтарды сатып алуға – 12 миллиард теңге, 7 160 мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге – 16,5 миллиард теңге, бұдан бөлек, цифрлық білім беру ресурстарына қосылу үшін қыруар қаржы жұмсалды.

«Мәліметке сәйкес, осы жобаның бірде-бір бағыты бойынша конкурс жарияланған жоқ. Ал компьютерлер мен интернет құралдарын сатып алуға қатысты техникалық тапсырма да әзірленбепті. Соған қарамастан, Қазақстан үш жыл бойы қарызды резервтеу үшін комиссия төлеп келеді. Ол шамамен 160 мың доллар. Себебі білім және ғылым министрлігі тиісті жұмысты бастаған жоқ», – деген болатын Еспаева. 

Орынбасары плагиатпен ұсталды 

Қашықтан оқыту төңірегіндегі наразылық толқыны Аймағамбетовтің министр кезіндегі алғашқы жанжалы емес. Өткен жылы оның орынбасары Фатима Жақыпова докторлық диссертация жазу кезінде плагиатпен ұсталды. Бұл оқиғадан кейін ол вице-министр қызметінен кетті. Сондай-ақ жауапты хатшы Арын Орсариев қызметінен босатылды. Бірақ Аймағамбетов қызметінде қалды.

Кейін білім және ғылым министрлігінде администраторлық жұмыстар мен мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры болып жұмыс істеген Анар Қайырбекова министрдің өзін плагиат жасады деп айыптады. Оның айтуынша, Аймағамбетов 2009 жылы қорғап шыққан докторлық диссертациясына он жылдан кейін өзгертулер енгізген. Алайда плагиаттың анықталуы электронды жүйелердің дұрыс жұмыс істемеуімен түсіндірілген болатын. 

Бұл іс туралы Аймағамбетов БАҚ-қа Қайырбекованың айыптауларының дұрыстығын сот қана тексеретінін жеткізді. 

“Сот бұл мәселені анықтайды. Түсінемін, қазір көбірек ақпарат алғыларыңыз келеді. Бірақ менің ойымша, мұндай сұрақтарға жауап беру ақылға қонымсыз. Сот нүкте қояды, тиісті шешім қабылданады, — деген экс-министр. 

БЖБ мен ТЖБ мәселелері

Бұнымен қоса Аймағамбетов мектептегі бағалау жүйесі үшін сыналдыБөлім үшін жиынтықты бағалауға (СОР) және тоқсан үшін жиынтықты бағалауға (СОЧ) қарсы онлайн петицияға 25 мыңға жуық ата-ана қол қойған болатын. Демек дамыған елдер тәжірибесіне сәйкес, билік халықтың осы өтінішіне ден қоюға тиіс.

Алайда Асхат Аймағамбетов білім және ғылым министрі осыны талап етуші ата-аналардың бетін қайтарды.

Экс-министр халықаралық сарапшылардың сондай-ақ қазақстандық шәкірттердің сынақ-эксперименттер жүргізе алмайтынын анықтағанын жеткізді. Олар ғылыми танымдарын жеткізуге жоқ. Теорияны өмірдегі жағдайлармен қабыстыра білмейді.

«Осы себепті білім беру мазмұнын жаңартудамыз. Яғни оқыту әдістерін, бағдарламалар мазмұнын және құрылымын қайта қарап жатырмыз. Дәл осы жаңарған білім беруге көшуімізге байланысты БЖБ мен ТЖБ білім жүйесіне енгізілді. 5 балдық бағалау жүйесі әбден ескірді және білім беру жүйесінің қазіргі сұраныстарына сәйкес келмейді. Ал жаңа бағалау жүйесі Қазақстан аумағында жұмыс істиейтін халықаралық мектептердің тәжірибесіне негізделді», – деген еді ол.     

Мұғалімдер аттестациясы 

2022 жылдың сәуір айында алматылық ұстаз біліктілік тестінен өткізу кезінде көз жұмған болатын. Осыдан кейін мұғалімдерді наразылығы күшейіп кетті. Барлығы аттестацияны алып тастауды талап етті.

Кейін Аймағамбетов педагог мамандардың аттестациясын алып тастауға қатысты сұраққа жауап берген. 

«Бұл мәселе біраз адамды мазалап жүр. Педагогтердің көбісі аттестацияны алып тастауды ұсынып отыр. Сол сияқты оқушылардан баға қоюды алып тастайық па деп сұрасақ, олар да қолдайтын еді. Жазғы демалысын тағы үш айға ұзартайық деп, бастама көтерсек, бәлкім, қуана-қуана келісетін шығар», – деген Аймағамбетов журналистерге берген сұхбатында.

Ол мұғалімдер мен оқушыларға ыңғайлы жағдай жасағаннан бұрын білім сапасына басымдық беру керек деп кесіп айтқан болатын.

Аймағамбетовтың білім саласында жасаған өзгерістері

“Педагог мәртебесі туралы” Заң жобасы қабылданды 

Қазақстанда Асхат Аймағамбетов министр болып тағайындалған 2019 жылдың соңынан бастап мұғалімдерге ерекше көңіл бөлінді. Осы орайда ел арасындағы мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңға 2019 жылдың 31 желтоқсанында қол қойды. 

Халықтың қолдауына ие болған, 21 баптан тұратын педагогтар туралы заң жарты миллионнан аса ұстаздың қызметіне оң өзгеріс алып келді. 

Заңда мектепке дейінгі, орта және кәсіптік, техникалық білім беру, мамандандырылған және арнайы білім беру ұйымдары қосымша білім беру мекемелері, әдістемелік кабинеттердің ұстаздарына қатысты талаптар қарастырылды. 

“Мұның барлығы — мемлекеттегі білім және ғылым саласын арттыру, педагог мәртебесін көтеру мақсатында істелініп жатқан жұмыс, — деген болатын Асхат Аймағамбетов.

Заңға сәйкес, ең алдымен педагогтардың құқығын кеңейту мен өзі атқаруға міндетті емес жұмыстардан босату, жүктемені азайту мәселесі қозғалды. 

Мектепте мұғалімдерге артық құжат толтыруға мәжбүрлейтіндер жауапкершілікке тартылады

Қазір білім ошақтарында ұстаз небәрі 2 құжат толтыруы тиіс. Олар: электронды жүйеде оқушыға баға қою және күнделікті сабақ жоспарын әзірлеу. Ал, электронды күнделікті қосымша қағаз бетіне басып шығару – заң бұзушылық, – деді министр. Сонымен қатар, мұғалімдерді мерзімді басылымдарға жазылуға, көше тазалауға міндеттегендер де жазаға тартылады.

“Әр мектепте педагогикалық этика бойынша кеңестерді құрдық. Бұл – бір. Егер ол педэтика кеңесіне барғысы келмесе, облыстарда бақылау департаменттері бар, соларға телефон соғып, немесе ватсапқа ақпарат беруге болады. Барлық осындай шағымдар бойынша біз міндетті түрде жауапкершілікке тартамыз”, – деген еді экс-министр. 

Мұғалімдердің жалақысы артты 

«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін ең алдымен қаржылық жағынан мұғалімдердің жалақысын арттыру мәселесі өзекті болды. Заңға сәйкес, 2020 жылы жалақыны 25 пайызға өсіріп, төрт жыл көлемінде бұл қаржыны екі есе арттыру көзделген. Бүгінде бұл жүктеме толығымен орындалды. 2023 Сонымен қатар заңның қабылдануына себеп болған – педагогтің өз міндетіне жатпайтын істерді орындауына, қосымша жұмыстарға тартуды тоқтату. Сондай-ақ, енді білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін ер мұғалімдерді әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылды. 

Біліктілік санатына байланысты да қосымша төлем қарастырылған. Бұдан бөлек, пәнді ағылшынша жүргізгені үшін, дәптер тексергені үшін, сынып жетекшілігі үшін ақы төленеді. 

Сондай-ақ 2021 жылдан бастап оқу жүктемесі 18 сағаттан 16 сағатқа төмендеді. Сондай-ақ, заңға сәйкес, ұстаздардың ұл-қыздарына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарда бірінші кезекте орын беріледі. Барлық педагог еңбек демалысына 42 күннен емес56 күндік демалысқа шығатын болды. 

ҰБТ-ға өзгеріс енгізілді 

2021 жылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеуді екі рет тапсыруға болады. Соның арқасында түлектердің мемлекеттік грантқа түсу мүмкіндігі артты. 

Бұған дейін мемлекеттік грантқа түсуге бір ғана мүмкіндік берілген. Түлек қандай ұпай жинаса, сол баллмен конкурсқа қатыса беретін. 2021 жылдан бастап әрбір тестілеушіге ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік жасалып отыр. Мысалы, бірінші тестілеуден 85 балл алса, ал екінші тестілеуден 100 балл жинаса, жоғары нәтижемен гранттар конкурсына қатыса алады. 

Сонымен қатар Асхат Аймағамбетовтың басшылығы кезінде ҰБТ электронды форматқа ауысты. Мерзімі – үш ай (сәуір, мамыр мен маусым). Мектеп түлектері тест тапсыру уақыты мен орнын өздері таңдайды. Ал тест нәтижесі жұмыс күнінің соңында емес, тест аяқталған бойда жарияланады Апелляцияны 30 минуттың ішінде беруге болады.

“Бірнеше жыл бұрын біз ҰБТ қорытындысы бойынша мектептер рейтингін өткізуге тыйым салу туралы шешім қабылдадық. Сондай-ақ мектептер оқушыларды ҰБТ-ға тіркеу және өтініштер жинау міндетінен босатылды. Мұның бірнеше себебі болды. Оның ішінде – мектеп басшыларының 10-11 сынып оқушыларын тест сұрақтары бойынша басқа пәндерге зиянын тигізе отырып, жасанды түрде тартуға шектен тыс ұмтылысы, өтініштерді жинауда мұғалімдерге қосымша жүктеме.

Бұл нені білдіреді? Енді түлек тестілеуді аяқтағаннан кейін жинаған ұпайларының нәтижесін ғана емес, сонымен қатар қандай тақырыптарды білетіні және қайсысына көңіл бөлу қажет екені туралы қосымша талдау алады. Дәл осындай талдауды мектепке де, нақты пәнге қатысты да, аудан, облыс және жалпы республика көлемінде де жасаймыз, – деген еді министр. 

1-сыныпта «Әліппе» қайта оқытылып, орыс тілі мен ағылшын пәні оқытылмайтын болды

2021 жылғы оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілі» пәндерін оқиды. 

Аймағамбетовтің айтуынша, «Әліппе» оқулығы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалған. 

Сондай-ақ енді 1-сыныпта орыс, ағылшын тілі пәндері оқытылмайды. 

Асхат Аймағамбетов зерттеулер мен талдаулар нәтижесі 1-сынып оқушысына бірден үш тілді меңгеру қиын екенін көрсеткенін айтқан болатын. 

Ал орыс тілінде оқитын мектептерде 1-сыныпта орыс тілі мен мемлекеттік тіл, ал 3-сыныптан бастап ағылшын тілі оқытылады. 

Бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылады

Мемлекет басшысының 2029 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы аясында 1-4-сынып оқушыларын 100% мектеп тамағымен қамту жоспарланып отыр.

“Президенттің бұл бастамасы өз кезегінде балалардың денсаулығына, жақсы дамуына, оқу үлгерімін және әл-ауқатын жақсартуына оң әсер ететіні сөзсіз. Көптеген зерттеу осындай шешімдердің пайдалы екенін көрсетіп отыр», – деп жазған еді министр.

Жайлы мектеп жобасы 

Асхат Аймағамбектов оқу-ағарту министрі болып тұрған кезінде «Жайлы мектеп» жобасы Қазақстанда 2023 жылдан бастап іске қосылатынын айтқан болатын. Сөзінше бұл жоба басқа ұлттық жобалардан ерекше. Себебі ол оқушы орны тапшылығы мәселесін жоюға көмектеседі. 840 мың оқушыға арналған мектептер салынады.

Сонымен қатар, осы Ұлтық жоба аясында жыл сайын шағын қалалардағы, аудан орталықтары мен ауылдардағы кемінде 1 000-нан астам мектеп заманауи талаптарға сай жаңартылады.

Халықаралық олимпиада жүлдегерлері ақшалай сыйақы алатын болды

Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 29 шілдедегі бұйрығымен жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және оларды дайындаған педагогтерге біржолғы сыйақы төлеу ережесі бекітілді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге келесі мөлшерде біржолғы сыйақы көрсетілген сертификат тапсырылады:

  • I дәрежелі диплом мен алтын медаль үшін – 1500 АЕК (4 594 500 теңге);
  • II дәрежелі диплом мен күміс медаль үшін – 1000 АЕК (3 063 000 теңге);
  • III дәрежелі диплом мен қола медаль үшін – 500 АЕК (1 531 500 теңге).

Педагогтерге келесі мөлшерде біржолғы сыйақы көрсетілген сертификат тапсырылады:

  • I дәрежелі диплом мен алтын медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық лауазымдық айлықақының 26,5 еселенген мөлшерінде;
  • ІІ дәрежелі диплом мен күміс медаль иегерін даярлаған педагогке – базалық білім;
  • ІІІ дәрежелі диплом мен қола медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық ЕҰ-ның 8,5 еселенген мөлшерінде төленеді.

Еңбегі сіңген педагогтер аттестациядан босатылады

Асхат Аймағамбетов педагогикалық өтілі 30 жыл және жаңа аттестация жүйесі бойынша санаты бар педагогтерді біліктілік тестілеуінен босатылатынын айтқан болатын. 

«Олар аттестацияның екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады. Бұл ретте егер олар біліктілік санатын көтергісі келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді. Мысалы, 30 жылдық еңбек өтілі бар педагог-сарапшы өз санатын растаса, аттестациядан тек екінші кезеңнен ҰБТ-сыз өтеді, ал арттырғысы келсе қосымша ҰБТ тапсырады», – деген еді экс-министр.

Ал педагогикалық өтілі 30 жыл, бірақ ескі аттестаттау жүйесі бойынша жоғары, бірінші санатты педагогтер, «педагог-модератор» санатына ауысатын болса, онда олар біліктілік тестілеуден өтуден босатылады.

Министрдің айтуынша, зейнетке шығуына 4 жыл қалған мұғалімдер де жаңа жүйе бойынша бар санатын растаған жағдайда оларды аттестациядан босату ұсынылады. Ал егер мұғалімдер қолданыстағы біліктілік санатын және алатын үстемақысын арттырғысы келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді.

Сондай-ақ мұғалімдерді 5 жылда емес, 3 жылда бір рет аттестациядан өткізілетін болды. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!