Фото: ҚР ІІМ
Балқаштағы дәмханалардың бірінде таныстар арасында туындаған жанжал төбелеске ұласып, травматикалық қару қолданылған. Оқиға салдарынан даяшы зардап шегіп, іс тергеуі өңірлік полиция басшылығының бақылауына алынды, – деп хабарлайды KAZINFORM.
Балқашта полицейлер қаладағы дәмханалардың бірінде болған және атыспен аяқталған жанжалға қатысқан барлық тұлғаларды анықтады. Бұл туралы Қарағанды облысы полиция департаменті мәлім етті.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға 21 мамыр күні түн ортасы шамасында болған. Дәмханаға келген таныстар арасында кикілжің туындап, көп ұзамай ол төбелеске ұласқан. Жанжал барысында травматикалық қару қолданылған. Оқиға салдарынан дәмхана даяшысы жарақат алды. Ер адам оқтан жеңіл жараланған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полиция мәліметінше, оқиғаға қатысқан барлық азаматтардың жеке басы анықталған. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары күдіктілердің жүрген жерін анықтап, оларды ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.
Полиция департаментінде тергеу барысы Қарағанды облысы ПД басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жария етілмейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!