Жастар дегенде жалын мен жігер, ізденіс пен батылдық көз алдымызға келеді. Дәл осындай асқақ рухпен ақпарат айдынында келе жатқан киелі Жамбыл топырағында дүниеге келген облыстық «AR-AI» жастар газетінің орны қашан да бөлек. «Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ?!» Назым Хикметтің осы бір отты жыр жолдарын ту етіп көтерген жастар газетінің ақпарат айдынына ақ желкенін керіп шыққанына да, міне, жиырма жылдан асты.
2004 жылы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданып, елде жаңа серпіліс басталған тұста, республика бойынша аймақтар арасында тұңғыш рет арнайы жастар газетін ашу идеясы қолға алынды. Сол уақытта облыстық ішкі саясат департаментінің басшысы қызметін атқарған Масат Берік сынды идеология саласына жауапты тұлғалардың мекеме-кәсіпорын құрумен шектелмей, республика бойынша аймақтардың арасынан алғаш рет жастар газетін шығаруды қолға алуы тың бастама әрі айтулы оқиға болды.
– Осы орайда «Жастардың өз басылымы болу керек» деген ойдың сөз жүзінде қалып кетпей, нақты іске асырылғанын ерекше айта кеткен ләзім. Оған негіз де жоқ емес еді. Ол уақытта облыстық газетте негізінен жасы үлкен кісілер еңбек ететін. Жастарды жұмысқа қабылдау былай тұрсын, олардың шығармашылығы, ғылыми ізденістері, жеткен жетістіктері мен азаматтық бастамалары туралы көп жариялана бермейтін. Сондықтан да жастарға жаңа мүмкіндік сыйлаған бастама бірден қолдау тапты деп ойлаймын, – деді газеттің бас редакторы Тұрсынбек Темірланұлы.

Басылым атауының да өзіндік мәні бар. Мұнда газет жас ұрпақтың Арын биік ұстауына, әппақ Айдай айналасына арайын төгіп, шұғыласын шашып тұруына ықпал етсе екен деген ниет жатыр.
2022 жылдың тамызынан бері басылымды Тұрсынбек Темірланұлы басқарып келеді. Бұған дейін бұл қара шаңырақтың тізгінін Болат Бекжанов, Оралхан Дәуіт, Гүлнұр Ембердиева, Масат Берік, Дәулет Төленді, Біржан Сөктай сынды журналистика майталмандары ұстаған еді.
Журналистика саласында өзіндік орны бар осы аталған тұлғалардың бәрі де «Aр-Ай»- дың көшін алға бастап, аянбай еңбек етті. Оқырманға олжа боларлық ойлы дүние ұсынуға күш салды. Екі онжылдықтың бедерінде жастар басылымы талай таланттың тұсауын кесіп, шығармашылығын шыңдаған шеберханаға айналды. Бүгінде есімдері елге белгілі қаламгерлердің редакцияда қызмет атқарғанын ұжымдастары мақтанышпен айтады. Жалпы, 20 жыл ішінде жастар басылымында 100-ден астам адам еңбек етіпті. Ұжымның тарихында олардың әрбірінің өзіндік қолтаңбасы бар.
Қазіргі оқырманның талабынан шығу оңай шаруа емес. Өйткені ақпараттық технология қарқынды дамыған кезеңде күнделікті жаңалықтармен немесе жаза-жаза әбден жауыр болған дүниелермен ешкімді де қызықтыра алмайтынымыз ақиқат. Осы орайда газет оқырмандары сараптамалық материалдарды көбірек жариялауды талап етеді екен. Сонымен қатар сырлы сұхбаттарға да сұраныс жоғары. Әлеуметтік мәселелерді көтерген мақалалар да жақсы оқылады.
Тұрсынбек Темірланұлының айтуынша, жақында оқырманнан «қазақ қаламгерлерінің классикалық еңбектері туралы әдеби шолу беріп тұрсаңыздар» деген ұсыныс түскен.
– Шыны керек, бұл ұсынысқа қуанып қалдық. Өйткені, желідегі жазбалардан жұрт жалыға бастағандай. Ақпараттың тасқынында ақ пен қараны ажырата алмаған талай замандасымыз алданып қалды. Кибербуллинг, интернет-алаяқтық деген сұмдықтар да көптің зығырданын қайнатып жүр. Осындайда рухани дүниелерге сұраныстың арта түскені байқалады. Жаңағы ұсыныс та осындай ойдан туса керек. Оның үстіне Президенттің бастамасымен кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру ісіне баса назар аударылуда. Бұл дер кезінде қолға алынған бастама. Біз де осынау оңды іске үлес қосу мақсатында жаңа айдар ашып, ақын-жазушыларымыздың құнды мұралары туралы жариялауды жөн көріп отырмыз, – дейді газеттің бас редакторы.

Редакция құрамы сараптамалық мақалалар мен жас көшбасшылармен сүбелі сұхбаттарға, тарихи-танымдық дүниелерге басымдық береді. Басылым бетінде «Біз де студент болғанбыз», «Мамандығымызды өзгертеміз», «Білгім келген бір сұрақ», «Толғауы тоқсан тіршілік», «Менің анам», «Өнеге өрнектері», «Дала дәптері», «Ойтамызық» айдарлары тұрақты жариялануда. Сонымен қатар «Шамшырақ», «Диагноз», «Айна», «Жалын», «Жанартау», «Парасат-пайым», «Тіршілік», «Талбесік», «Көңілашар», «Зерде» және тағы да басқа арнаулы беттер бойынша мазмұнды мақалалар топтамасы ұсынылуда.
Газет бетінде мақаладан бөлек поэзия да ерекше орын алады. Фототілші – Алтынбек Қартабайдың архиві өте бай. Таспаға түскен суреттер тасада қалып қоймасын деп «Өмірөлең» атты айдар жарық көрді. Мұнда әртүрлі суреттерге сай қазақ ақындарының сол тақырыпта жазған өлеңдері бой түзейді. Сонымен қатар жастар шығармашылығын қолдап, жаңа есімдердің танылуына да мүмкіндік жасап келеді. Өзекті мәселелерді көтерген өткір мақалалар да өз ретімен жарық көруде.
2023 жылдан бастап басылым аптасына екі рет, 12 бет болып шыға бастады. Бұл апталық ырғаққа үйренген ұжым үшін үлкен сынақ болғанымен, еңбек өнімділігін арттырып, ширата түсті.
– Бұл шешім «Ар-Ай» газеті үшін оңай соққан жоқ. Өйткені апталық басылымның өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда ресми ақпараттан гөрі сүбелі мақалаларға басымдық беріледі. Ал ондай материалдарды дайындау үшін уақыт керек. Әйтсе де ынтымағы жарасқан ұжым бұл өзгеріске де бірден бейімделді.
Осындай жұмыстарды жүзеге асыру барысында редакция қызметкерлері кәсіби біліктілік пен шығармашылық ізденісті ұштастыра білуде. Бұл тұрғыда бас редактордың орынбасары Талғат Нұрханов пен жауапты хатшы Шолпан Бөгенбаева ұжымға ұйытқы болып, ұйымдастырушылық қабілеттерін танытуда. Аға тілшілер Нұрым Сырғабаев, Айжан Өзбекова, тілшілер Құралай Сейсенбекқызы, Ақтоты Жаңабай, Сымбат Қуаныш түрлі тақырыптарға қалам тербеп жүр. Ал бас дизайнер Ғани Сүгірәлиев, дизайнербеттеуші Гүлназира Бектұрсынова газеттің кескін-келбетінің көзтартарлықтай көркем болып шығуына көңіл бөледі. Фототілші Алтынбек Қартабай да өз ісінің хас шебері. Ал қырағы корректор Ғалия Садықова газет бетінде қате кетпеуін қадағалайды. Arainfo.kz сайтының контент-редакторы Меруерт Ибраимоваға жүктелген жауапкершілік те жеңіл емес, – деді Тұрсынбек Темірланұлы.
Газет бетінен біз тек дайын материалды көреміз. Ал оның артындағы уайым, ізденіс кадрдан тыс қалады. Әдетте әрбір басылған мақаланы жазу оқырман көзіне көрінбейтін қобалжу, елең ететін көз жасы, ұйқысыз түндер, қызықты кейіпкер іздеу, кейде, тіпті, мәселенің шешімін табумен өтеді. Ұжымның әңгімесінен батылдық, іздемпаздық, бір-біріне қамқорлық көре алдық. Бұл оқиғалар сіздің де жүрегіңізді бейжай қалдырмас.
– Мен үшін ең қиын әрі ең «ыстық» мақалаларым газетіміздегі «Менің анам» айдарына шығады. Бұл айдардың кейіпкерлерімен сұхбаттасу бір жағынан қиындау болса, екінші жағынан өте қызық. Өйткені ана тақырыбы – өте нәзік. Кейіпкерлерімнің көбінің анасы өмірден өтіп кеткен. Сондықтан сұхбат барысында өзіміз де түрлі эмоцияны бірге бастан кешіреміз.
Әдетте әңгімені алдымен диктофонға жазып аламын. Сол кезде бір жылап, бір күліп отырып сөйлесетін кездеріміз болады. Кейін сол әңгімені қағазға түсіргенде де әлгі көңіл күйді қайта кешемін, – деп аға тілші Айжан Өзбекова өз оқиғасымен бөлісті .
Айжанның есінде қалған тағы бір ұмытылмас сұхбат – марқұм сатирик ағамыз Көпен Әмірбекпен болған әңгіме. Ол кісімен тек телефон арқылы танысып, сұхбаттасқан. Сұхбатты бір деммен жазып шықты. Кейін оқырмандардан да жақсы бағасын алды. Көпен ағамыз аға тілшіні «Айжан Әл-Тарази» деп атайтын. Кейін тағы бір сұхбат ұйымдастырып, оны өзінің кітабына қосамын деп жүрген еді. Бірақ, өкінішке қарай, ол кісі өмірден өтіп кетті. Кейін Айжанға танысы Көпен ағамыздың сол кітабына сұхбаттың енгенін айтып, кітаптағы жарияланған жерін суретке түсіріп жіберген. Онда апайымыздың аты-жөні «Айжан ӘлТарази» деп жазылыпты.

Келесі кезекте газеттің тілшісі – Ақтоты Жаңабай газеттегі алғаш келгендегі оқиғасы туралы сыр шертті. Оның алғашқы еңбек жолы 2021 жылдың тамызындағы Байзақтағы қаружарақ қоймасының жарылысымен тұспа-тұс келген екен.
– Ол уақытта әлеуметтік желілер мен сайтқа жауапты болғандықтан, өңірдегі ахуалды минут сайын үзбей, жедел түрде жариялап отырдық. Міне, осындай үлкен қарбалас пен жауапты шақта жұмысымды бастап кеттім. Бірақ бұл алғашқы қарбалас пен қиындықтар мені мүлде жасқандырған жоқ, керісінше, қорқынышты сейілтіп, тез әрекет етуге үйретті. Алғашқы күннен-ақ осындай үлкен сынаққа тап болуым – мені журналистиканың шынайы ырғағына тез бейімдеп, шыңдап, ысылта түсті, – деді Ақтоты Жаңабай.
Журналист үшін қаламынан туған әрбір мақаланың орны ыстық. Әр күннің қарбаласы, ізденістері мен іссапарлары – бәрі ерекше естелік. Ақтоты осыдан бірер жыл бұрын «Жастар театрын ашуға не кедергі?» деген мақала жазған. Көп уақыт өтпей, университет қабырғасында қалыптасқан халықтық театр бөлек шығып, Тараз қалалық жастар театры құрылды. «Әрине, бұған мәдениет майталмандарының бастамасы көбірек ықпал еткені анық, дегенмен сол мақалам өзімнің де көңілімнен шыққан сапалы дүниелердің бірі болды» дейді тілші.
Журналистиканың қиындығы туралы жиі сөз қозғаймыз. Бірақ оқиғаны ашып айта бермейміз. Сондықтан газеттің тілшісі Құралай Сейсенбекқызын да әңгімеге тартып, басынан кешкен жайт туралы айтып беруін сұрадық.
– «Арай» газетінде жұмыс істеп жүріп, дайындау ең қиынға соққан, бірақ ең «ыстық» мақала – нақты тұрағы жоқтарға арналған. Кадрдан тыс қалған қызықты сәттер, қиындыққа душар болған жандардың бірінің анасын іздеп тапқан сәт. Енді бірін Алматы қаласындағы орталыққа ұйымдастырып, соңымнан қалмай, Таразға қайтып келген әжейдің қылығы есімнен кетпейді, – деді ол.
Байқасаңыз, әр журналистің жазу тақырыбы өзгеше. Бірақ дәл осы дүние оларды бір ұжымда тоғыстыра алды. Мүмкіндігінше, ұжымнан олардың не үшін осы ортаны жақсы көретінін сұрадық. Олардың жауабы «Мұнда шығармашылық ойлар, креативті идеялар мен интеллектуалды орта тоғысқаны үшін жақсы көремін. Журналист, корректор, дизайнер болсын – әрқайсысы өз ісінің нағыз шебері. Бұл жерден өзіңмен пікірлес, өрелес рухтастарыңды таба аласың», «Бір-біріміздің кімнің нені жақсы көретінін, нені ұнатпайтынын білеміз. Тіпті кейде бір-біріміздің көңіл күйімізді сөзсіз-ақ, қас-қабағымыздан түсініп қоямыз», «Кейде жеке басымызда түрлі мәселелер болып жатады. Сондай кезде редакцияға келіп, жұмысқа кірісіп кетсең, көңіліңді басқа дүниеге бұрып, әлгі мәселелерді біраз уақытқа ұмытып қаласың. Жаныңдағы адамдармен сөйлесесің, күлесің, жаңа дүние іздейсің. Бұл да бір ем сияқты» деген жауаптар болды. Шынымен, нағыз бауырлар секілді.
«AR-AI» – рухтас, пікірлес жандардың қара шаңырағы. Құралай айтпақшы, «Жер бетін жүз айналсаңыз да, дәл мұндай ортаны таба алмассыз». Бұл – парағын ашқан сайын жастықтың оты шарпитын, өмірдің өзіндей шынайы, сыршыл әрі өршіл басылым. Кешегі жүріп өткен 20 жылдық тарихы қандай мазмұнды болса, ақ желкенін керген келешегі де сондай жарқын болмақ.
М.МАЙБЕКҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!