Кейде кішкентай әуестік тұтас өмірлік мұратқа, ал бала күнгі қызығушылық мыңдаған шәкірттің жолын ашқан білім ошағына айналуы мүмкін. Бүгінгі кейіпкеріміз – түрік тілінің әуезді әлемін қазақ жастарына танытып жүрген тәжірибелі ұстаз, «World Education» онлайн мектебінің негізін қалаушы әрі «Türkçem müthiş» кітабының авторы Айшабибінұр Кенжебаева.

– Әрбір үлкен жол шағын қадамнан және жүрек төріндегі ерекше сүйіспеншіліктен басталады. Сіздің түрік тіліне қызығушылығыңыз қалай қалыптасты? Түрік тілі пәнінің мұғалімі болу туралы шешім қабылдауыңызға не әсер етті?

– Түрік тіліне деген қызығушылығым бір күнде пайда болған жоқ. Бала кезімнен түрік сериалдарын көріп, кейбір сөздерді мағынасына үңілмей-ақ қайталап жүретінмін. Түрік тілінің әуезділігі, сөздердің бірбірімен үйлесім табуы ерекше әсер ететін. Бірде түрікше сөздің мағынасын іздеп отырып, оның қазақ тіліндегі баламасына ұқсас екенін байқадым. Сол сәтте «Бұл тіл біз ойлағаннан да жақын екен ғой» деген ой келді. Осы қызығушылық біртіндеп үлкен ізденіске айналды. Ал ұстаз болуымның басты себебі – өзім үйренген дүниені басқа адамға түсіндіруді жақсы көретінімді ерте түсінуімде. Бір дүниені түсінбей отырған адамның көзінен «ұқтым» сәтіндегі қуанышты көргенде, өзің де ерекше сезімге бөленесің. Мен үшін ұстаздықтың ең үлкен сыйы – осы.

– Ең алғашқы сабағыңыз есіңізде ме? Сол кездегі жүрегі толқуға толы жас маман мен бүгінгі орнықты, бай тәжірибелі ұстаздың арасында қандай айырмашылықтар бар?

– Алғашқы сабағымды ешқашан ұмытпаймын. Сабаққа дейін үйде бірнеше рет жоспарымды қарап, айнаның алдында сөйлеп дайындалғаным есімде. Тіпті, «Мына жерде оқушы сұрақ қойса, не айтамын?» – деп өзіме-өзім сауал қойып отыратынмын. Бұрын «жақсы мұғалім – бәрін білетін адам» деп ойласам, қазір жақсы мұғалім оқушысының білмейтін тұсын түсініп, сол деңгейге дейін бірге бара алатын адам екенін ұқтым.

Айшабибінұр Кенжебаева: Арманыңнан ұялма

– Ұстаздықтан бөлек, білім беру жүйесін құруға дейінгі жол әрдайым батылдықты талап етеді. Талай шәкірттің басын қосқан «World Education» онлайн түрік мектебін құру идеясы қалай туындады?

– Бұл идея бір күнде «мектеп ашамын» деген шешімнен туған жоқ. Ол жылдар бойы шәкірттерден естіген сөздерден қалыптасты. Оқушыларым «Апай, сіздің сабағыңыз сияқты жүйелі курс таппай жүрміз» дейтін. Кейін өзіме «Оқушы ретінде өзім оқығым келетін курсты неге ашпасқа?» – деген сұрақ қойдым. Сол кездері онлайн білім беру қазіргідей кең таралмаған еді. Сондықтан алғашқы қадамдар оңай болған жоқ. Бірде түн жарымында келесі күннің сабақтарын жоспарлап отырып, «Мен қазір жай ғана сабақ өткізіп жүрген жоқпын, өзім армандаған білім беру жүйесін құрып жатырмын» деген ой келді. Сол түні қатты қуандым. «World Education» осылай дүниеге келді.

– Курстың білім нарығында еңбек етіп келе жатқанына 7 жылдай уақыт болды. Осы уақыт аралығында мектептің құрылымында, сабақ беру методикасында және жалпы білім беру үрдісінде өзгерістер болды ма?

– Жеті жыл ішіндегі ең үлкен өзгеріс – білім беруге деген көзқарасымның жаңаруы. Алғашқы жылдары біз үшін басты мақсат оқушыға грамматиканы үйрету еді. Кейін грамматиканы білу мен тілді қолдану екі бөлек дүние екенін түсіндік. Сондықтан сабақтарымыз біртіндеп сөйлесуге, практикалық тапсырмаларға, тыңдалым, жазылым және күнделікті өмірдегі жағдайларға бейімделді. Бұрын оқушы қателесуден ұялатын болса, қазір біз қателесуді оқу процесінің бөлігі ретінде қабылдауға үйретеміз.

– Ұстаздықпен қатар, сіз «Türkçem müthiş» кітабы арқылы авторлық қолтаңбаңызды қалдырдыңыз. Осы еңбекті жазудағы басты мақсатыңыз қандай?

– «Türkçem müthiş» кітабын жазу идеясы да шәкірттермен жұмыс барысында пайда болды. Мен бірнеше жыл бойы оқушылардың бір сұрақты қайтақайта қоятынын байқадым. Кейде бір грамматикалық ережені он түрлі тәсілмен түсіндіруге тура келетін. Сол кезде «осының бәрін бір жүйеге келтірсем ше?» деген ой туды. Бұл кітап – менің 5 айлық еңбегімнің жемісі. Кітапты жазу кезінде «Егер түрік тілін енді бастап жатқан адам осы кітапты қолына алса, оған түсінікті бола ма?» деген сұрақты өзіме үнемі қойып отырдым. Кітаптың атауының өзінде кішкентай мотивация бар. «Түрік тілім керемет» деп айту арқылы оқушы өзіне сенуді үйренсе екен дедім. Өйткені тіл үйренуде кейде адамға кезекті грамматикалық ереже емес, «менің қолымнан келеді» деген сенім көбірек қажет.

– Бүгінгі таңда сабақтар әрі онлайн, әрі оффлайн форматта қатар жүргізіледі. Осы екі форматтың басты айырмашылығы неде? Тілді меңгеру жылдамдығы мен білім сапасы тұрғысынан алғанда, қай формат өзінің тиімділігін жоғарырақ көрсетіп отыр?

– Менің ойымша, бұл жерде «қайсысы жақсы?» дегеннен гөрі «кімге қайсысы тиімді?» деген сұрақ дұрысырақ. Оффлайн сабақтың артықшылығы – тікелей қарым-қатынас. Мұғалім оқушының көзқарасынан-ақ оның түсінген-түсінбегенін байқайды, сыныптағы атмосфера да ерекше болады. Ал онлайн форматтың мүмкіндігі өте кең. Оқушы қай қалада немесе қай елде тұрғанына қарамастан сапалы білім ала алады. Жұмыс істейтін, баласы бар немесе басқа қалада тұратын адамдар үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Біздің тәжірибеде онлайн оқып, өте жоғары нәтижеге жеткен шәкірттер көп. Сондықтан білім сапасын формат емес, жүйе анықтайды.

– Курсқа келетін жастардың үлесі қаншалықты жоғары? Қазіргі буынмен жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктері бар ма?

– Жастардың үлесі өте жоғары. Қазіргі жастардың білім алу мүмкіндігі бұрынғы буынмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Олар ақпаратты тез қабылдайды, технологияны жақсы меңгерген, жаңа дүниені сынап көруден қорықпайды. Ең бастысы – өзіне инвестиция салудың маңызын түсінеді.

Айшабибінұр Кенжебаева: Арманыңнан ұялма

– Сабақ барысында немесе шәкірттердің жетістігін көргенде бойыңызды кернеген, ерекше жігер мен күш-қуат сыйлаған ұмытылмас оқиға туралы айтып берсеңіз.

– Шәкірттерімнің әр жетістігі мен үшін ыстық. Есімде ерекше сақталған бір оқиға бар. Шәкіртім алғаш келген кезде түрікше бір ауыз сөз айтуға қатты қысылатын. Сабақта сұрақ қойсам, тек жазбаша жауап беретін. Бір күні оған өте қарапайым: «Bugün nasılsın?» (Бүгін қалайсың?) деген сұрақ қойдым. Ол біраз үнсіз отырып, кейін ақырын ғана: «Çok iyiyim» (Өте жақсымын) деді. Сырт көзге бұл – екі-ақ сөз. Бірақ мен үшін ол екі сөз үлкен жеңіс еді. Сабақтан кейін ол маған «Апай, бүгін бірінші рет түрікше жауап бердім. Бұрын менің қолымнан келмейді деп ойлайтын едім» деп жазды. Сол хабарламаны оқып отырып, мұғалімнің жұмысы тек сөз үйрету емес екенін тағы бір мәрте түсіндім. Кейде сен адамның өзіне деген сенімін қайтарасың.

– Сабақ өткізу, халықаралық конференцияларда жоба қорғау, оған қоса сүйікті отбасыңызға көңіл бөлу – осының барлығын бір арнаға тоғыстыру үлкен шеберлікті талап етеді. Барлығына үлгеріп, үйлесімділікте өмір сүрудегі тайм-менеджмент сырыңыз неде?

– Менің тайм-менеджментімнің басты қағидасы – бәріне бірдей уақыт бөлу емес, әр дүниеге өз уақытында көңіл бөлу. Күнді бірнеше бөлікке жоспарлауға тырысамын. Сабақтың уақыты – сабаққа, жұмыс уақыты – жұмысқа, отбасыма арналған уақыт – отбасыма. Бірақ бәрі әрдайым жоспар бойынша жүре бермейді. Кейде баланың шаруасы шығады, кейде жұмыс күтпеген жерден көбейеді. Бұрын мұндайда өзімді кінәлі санайтынмын. Қазір өмірдің Excel кестесі емес екенін түсіндім.

– Бүгінгі жетістікке жеткен, талай шәкірттің бағытын айқындаған Айшабибінұр бойжеткен кезіндегі, кішкентай Айшаға кезігіп қалса, оған не айтар еді?

– Егер кішкентай Айшамен кездесуге мүмкіндік берілсе, ең алдымен оны құшақтап алар едім. Кейін «Сен қазір бәрін білмеуің мүмкін. Кейде өзіңе күмәнданасың. Кейбір армандарың тым үлкен болып көрінеді. Бірақ қорықпа. Бір күні сен өзің армандағаннан да үлкен дүниелер жасайсың» деп айтар едім. Себебі бір кездері өзі білім іздеп жүрген кішкентай қыздың кейін басқа адамдарға білім беріп, олардың арманына қадам жасауына себепші болатынын ол кезде ешкім де ойламаған шығар. Арманыңнан ұялма. Үлкен армандардың басы кішкентай қадамдардан басталады. Бір күні сен өзіңмен мақтанатын боласың.

Әңгімелескен Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!