Жуырда 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні болып бекітілді. Жағымды жаңалықты естіген қазақстандықтар атаулы датаның мән-маңызын іштей сезгенімен, нақты мақсат-мұратын аңдап болмағаны аян. Себебі бұл мерекенің статусы мен тарихы ерекше назар аударуды талап етеді. Осыған орай Республика күнінің өткені мен келешегіне қатысты бірнеше деректі оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Алдымен аталған мереке бүгін пайда болмағанын айта кеткен дұрыс секілді. Олай дейтініміз, алғаш рет Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланды. Бұл жарлыққа сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған. Оған қоса мерейлі мерекені 25 қазан күніне жоспарлауы да тегін емес. Себебі 1990 жылдың 25 қаза­нын­да Қазақ КСР-ның егемендігі туралы декларация қабылданып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері нақтыланған.

Ал 2009 жылы аталған заңға өзгеріс еніп, 30 тамыз – Конституция күні ұлттық мереке болып жария етілсе, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Міне, осылайша 13 жылдан кейін айтулы дата қайта оралып, өзіндік маңызға ие болды.

Бүгінде Республика күні қайта оралып ғана қоймай, ұлттық мереке статусын иеленді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шілдеде өткен Ұлттық құрылтайда мереке мәртебесіне қатысты пікір білдіріп, атап өту ерекшелігіне қатысты ұсыныс жасады.

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. Республика күні елдің мемле­кет құру жолын­дағы тарихи қадамының символы болуы керек.

Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ізінше, қыркүйек айының ортасында Парламент «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізіп, Республика күні – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні – мемлекеттік мерекеге айналды.

Аталған мереке қарсаңында азаматтардың демалыс күні де артқан. Мәселен, қазан айында жарияланған Үкімет қаулысында Республика күніне орай қазақстандықтар үш күн демалатыны айтылған. Демек, 23, 24 және 25 қазан демалыс күні болып саналады. Ал 22 қазан, сенбі – жұмыс күні болып есептеледі.

«Биыл еліміздің ұлттық мерекесі ретінде алғаш рет Республика күні аталып өтеді. Демалыс күнін ауыстыру жұмыс істейтін қазақстандықтарға мереке кезінде демалысын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді», – делінген Үкімет мәлімдемесінде.

P.S. Ұлттық мереке – елдік пен тарихи сананы жаңғырту жолы. Азаматтар аталған мереке қарсаңында мемлекеттің дамуына баға беріп, келешегіне сеніммен қарауға күш алады. Елдің рухани өркендеуі үшін де  Республика күнінің мәні зор демекпіз.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!