8-қабаттан құлап кетуге шақ қалған сәбиді құтқарып  қалған Сәбит Шонтақбаев пен Сағи Жылқышиевтің ерлігі қоғамда қызу талқыда. Ал оның ерлігін таспаға түсіріп алған елордалық тұрғын өз еңбегінің ескерусіз қалғанына қапалы. Бұл туралы Nege.kz тілшісі Бақыт Четеновамен сөйлесіп, оқиғаның қалай өрбігенін өз аузынан естіген, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Мен қазір декреттік демалыста отырған анамын. Сол күні күн ыстық болғандықтан терезені ашып қойғанмын. Кенет сырттан көп адамның айқайлаған дауысын естідім. Мен алғаш көргенімде, Сәбит терезеге ұмтылып жатыр екен. Дереу телефоныма жүгіріп, таспаға түсірдім. Себебі, абайсызда бала мерт болса, Сәбиттің кінәсіздігін тек видеомен дәлелдеуге болады деп ойладым. Абырой болғанда, бүлдіршін аман қалды. Видеоны лезде, көршілердің әлеуметтік желідегі парақшасына жібердім. Сосын барлығымыз сыртқа шықтық. Сүт пісірім уақытта мен түсірген видео қоғамдық резонанстың тууына себепкер болды. Сәбит пен Сағидың үйлі болуына сол видеоның септігі тиді деп ойлаймын”, – деді ол.

Үш баланың анасы Бақыттың айтуынша, Қазақстанда ерлік көрсеткен батырлардың ісі көрінбей қалып жатыр. Сондықтан лезде видеоға түсіріп алған. Алайда Бақыт Сәбит пен Сағиға ренжеулі.

“Олар көптің қолынан келе бермейтін нағыз ерлік істеді. Сәбит үшін де, Сағи үшін де өте қуаныштымын. Сәбиттің үйлі болғанынан хабардар болған соң, құттықтайын деп хабарластым. Тұтқасын көтермеді. Ватсабына хабарлама жазған едім. Оқыды, бірақ жауап қайтармады. «Видеоға түсіргеніңіз үшін рақмет!» десе болды ғой. Маған ешкім алғыс айтпады.

Тіпті әлеуметтік желіде көп халық «Осы оқиға видеоға түсіп қалмағанда Сағи мен Сәбиттің ерлігі елеусіз қалатын еді» деп жазып жатыр екен. Мен де солай ойлаймын. Сол видео тіпті Британия, Корея, АҚШ сияқты елдерге де тарап кетіпті. Барлық телеарна сол видеомен сюжет жасады. Бірақ мені автор ретінде көрсетпеген. Тек бір ғана сайт сыйақы беріп, видеоның авторы ретінде менің есімімді жазып жариялады”,- деп ренішін білдірді ол.

Адырна” ұлттық порталы