Солтүстік Қазақстан облысында демалыс орнынан ешкімді ескертпестен кетіп қалған жасөспірімді адасып жүрген жерінен бақташы тауып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. СҚО Айыртау аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, полицияның учаскелік инспекторына Петропавл қаласының тұрғыны хабарласып, «Айбек» демалыс орнынан кетіп қалған 16 жасар жасөспірімді іздеп табуға көмектесуді сұраған. Ол таңғы сағат 6.00 шамасында ешкімді ескертпей белгісіз жаққа кетіп, қатып оралмаған. Бала ата-анасымен бірге Қазақстандағы әжесіне қонаққа келген екен. Оқиға орнына бірден аудандық полиция бөлімінің басшылары, аудан прокурорының орынбасары аттанды. Жедел шара қолданылып, іздеу жұмыстары басталды. Туған-туыстарының айтуымен бала жайында ақпарат әлеуметтік желіге орналастырылды. Іздеуге полицияның 32 қызметкері, «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктің орманшылары мен қорықшылары жұмылдырылды. Нәтижесінде бала кешке қарай аман-есен табылып, ата-анасымен қауышты. «Далада жүрген баланы көрдім, адасып кетіпті. Оның алдында телефоныма жоғалған жасөспірім туралы, оның белгілері жазылған бағдар келген еді. Бірден таныдым. Полициямен бірге іздеуде жүрген «Көкшетау» МҰТП Арықбалық филиалының қызметкеріне хабарлап айттым», – дейді жасөспірімді тапқан бақташы Тагир Инназаров.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!