Сары балғаны алып, ұялы телефонның бетіне тарс еткізіп, ұрып жіберді. Байғұс телефонның бетінде балғаның суреті қалды. Мыжғыланған экран күні кеше бір құнанның ақысына алып келген жарықтық айфон еді. Сәбиттің ұнжырғасын түсіріп, көңілін құлазытқан бір себеп те сол: арғы жақтағы адамның тұтқаны көтермеуі еді. Осылай бір құнанның ақысын суға ағызды да жіберді… Беу, дүние-ай…

Қазіргі қоғамда Сәбит тәрізді сіркесі су көтермейтін талай жан бар. Талай жанның зымырандай сырғыған алтын минуттарын ұрлаған қалтадағы ұры, қалтафонды айтамын, тіпті жүйкені де жұқартатын болған. Онсыз ешбір тірлігіміз де бітпейтін көрінеді. Әйткенмен тәтті нәрсені бәріміз жақсы көреміз, бірақ шамадан тыс жесек, ауруға ұшыраймыз. Мұны түсінгеніміз абзал. Ұялы телефонның да айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алдырған ерекшелігі өз алдына, шамадан тыс уақыт бөліп, барлық назарды соған аударып жатса, зияны да шаш етектен екені даусыз.

«Батырлар жырын оқып өскен ұрпақпыз ғой» деп сөз бастады Бақытжан Абибуллаев. Ойы орамды, әрбір сөзін мысалмен тәптіштеп жеткізіп отырған азаматтың сөйлеу мәнерінде де өзгеше екпін бар. «Қазіргі жастардың кітап оқымайтыны, оның есесіне ұялы телефонмен уақыт өткізетіні адамдардың қалыптасуына кері әсерін тигізетін тәрізді» деді парасат-пайымын байқатқан азамат.

Көркем әдебиет оқығанның көңілі жарық болады. Иә, ол қай уақыттан бері назарда бар нәрсе. Ел алдына шығып сөйлегенде де шежіреден ағытып, мысалдармен тұспалдап, турасын айтып жеткізетін үлкендердің осы қасиеті қашан да үлгі ғой. Титтей нәрсені телефонға түртіп, алып, жеке көмекшісі ретінде көретін бүгінгі ұрпақтың бұл дағдыдан алыстап бара жатқаны ақиқат.

«Қоғам дамып жатқан соң бұл тұрғыда көп нәрсе айтуға болады. Адамдар бір-бірімен тек онлайн байланысқа шыққан. Бетпе-бет келгенде ойын жеткізе алмаушылық, ұмытшақтық дағдылары осыдан шығатын тәрізді. Отбасында бала жыласа, қолына қызықтырып телефон ұстата қоятындарды күнделікті көреміз. Бірақ ол баланың денсаулығына жоғары дәрежеде зиян келтіретінін ұмытпаған абзал. Қазір мектеп табалдырығын аттамай жатып, әлемге әйнектің ар жағынан қарайтындар қатары қалың. Ата-аналарға айтарым, балалар қызықтырған нәрселерін неғұрлым үлкен экраннан көрсе, соғұрлым балаға жақсы болады. Мені осы толғандырады. Көз дәрігеріне бара қалсаңыз, жасы жетіге толмағандарды тексеріп жатқанын байқаймыз. Балалардың жанары әлі де талай жақсыны көру керек. Әлі де гүлденген Қазақстанның, әлемнің жеті кереметінің көрінісін тамашалау керек. Көзді Құдай сол үшін берген ғой» дейді Олжас Жалғасұлы.

Қоғамда бұл мәселенің өзектілігі сол: Ұялы телефонды жиі қолданған адамның ашушаң келетіні, өмірде одан басқа әлем жоқтай көретіні, көз жанарының солғын тартып, көру қабілетінің нашарлауы – барлығы осы қалтадағы бағалы бұйымның шамадан тыс қолданылуынан шығады.

«Баламның сыныптастары қалталы жандар. Олар баласының аузынан шыққан нәрсені әперуге тырысады. Қай ата-ана болмасын, баласының қатарынан кем болмауы үшін еңбек етеді емес пе?! Осы ұялы телефонды әпермегенім үшін қызым екеуміздің арамызда бірнеше рет кикілжің пайда болды. Салдарынан баламыздан сөз естідік. Бар айтатыны, пәленше деген сыныптас құрбысында бұныкінен әлдеқандай қымбат ұялы телефон бар. Бәсеке қалыптасып кетті. Иә, ал оған шамасы жетпеген ата-ана несие аламыз енді. Ал несиенің несібе болмайтыны белгілі. Баланың қолына телефон берсеңіз, олар сол бұйымға басымен кіріп кетеді. Нәтижесінде денсаулығына орасан зор зиян келеді» дейді есімін айтпауды жөн көрген ата-ана.

Иә, әлемді алақаныңызға сыйдыратын ұялы телефон пайдалы ма әлде зиян ба?! Алтын минуттарыңыз қайда кетіп жатыр?! Шын мәнінде ойланарлық сауал. Әйтпесе, құйтақандай экранға көз тігіп, жанардың солу фактілері көбеюде. Көз аурулары да жасарып келеді.

«Көз ауруларының түрі көп. Бұл ауруларды туа пайда болған, жүре пайда болған және сыртқы орта әсерінен болған деп үш топқа бөліп, қарастыруға болады. Біз бала өмірге келгеннен бастап, назология бойынша барлық зерттеу жұмыстарын жасаймыз. Кінәрат табылған жағдайда кеш болмай тұрып, аурудың асқынуына жол бермей, ем-дом жасауға, ота жасауға кірісуіміз керек. Көз аурулары түрлі жолмен ұшырасады. Тұқымқуалаушылықпен де бала бойына қалыптасады» дейді көз дәрігері Айжан Бақбергенова.

Әлбетте, туа пайда болған ауруға қарсы дәрменсіздік танытар тұсымыз көп. Ал қалған екі бөлігі «Сақтансаң, сақтаймын!» дегенді алға ұстаған жанның қауіп-қатерден алшақ болатынына мысал екені даусыз. Ал біз баланың қолына телефон беру арқылы, экранға көп қарату арқылы қандай ауру табамыз?

«Бұл жағдайда көздің бұлшық еттерінің ауырсынуы, шаршауы, көз жанарының құрғап кетуі және жасаурауы пайда болады. Көз құрғап кеткенде одан бөлінетін жас көлемі көбейе түседі. Құрғақ көз синдромы деп аталады. Ультракүлгін сәулелері көзді құрғатып жібереді. Көздің бұлшық еттері талып, ауырсыну байқалады. Бұған байланысты арнайы тамшылар болады. Сол арқылы емделеді. Бұл спазмды емдемеген жағдайда алыстан көрмеушілік дамиды. Яғни, бұл ультракүлгін сәулелері бар құрылғылар ауруды жақындата түсетін себептер» дейді офтальмотолог дәрігер Айжан Жұпарбайқызы.

Адамға денсаулық бәрінен қымбат. Сол үшін қолда барда алтынның қадірін біліп, деннің саулығын күтуіміз керек. Бастысы, жанарыңыз сөнбесін!

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!