ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2022-2023 жылғы оқу жылының аяқталуы және каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру мәселесі қаралды деп хабарлады turkystan.kz.

Жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен 1-10 сынып оқушыларының 85%-дан астамы, яғни әлеуметтік осал санаттағы 500 мыңға жуық баланы қоса алғанда, шамамен 2,8 млн бала қамтылады деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жазғы лагерьлерде алдағы маусымға дайындық бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Жалпы 218 қала сыртындағы және 10 мыңнан астам мектеп жанындағы бейінді және шатыр лагерьлер өз есігін айқара ашады.

Премьер-министрдің айтуынша, мемлекет инфрақұрылымды дамыту, білім сапасын көтеру, тәрбие жұмысын күшейту, балаларды қосымша біліммен қамту бағытында жүйелі түрде тиісті жұмыстарды жүргізуде.

«Бірнеше күннен кейін кезекті оқу жылы аяқталып, балалар жазғы демалысқа шығады. Оны пайдалы әрі қызықты өткізгісі келеді. Сондықтан біз бала денсаулығын нығайтуға, білімдерін толықтырып, жақсы демалуына жағдай жасауымыз керек», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, балалардың спорт секцияларына және шығармашылық үйірмелерге тегін баруына мүмкіндік беру үшін жергілікті бюджеттен 93 млрд теңге бөлінді. Оқушыларға арналған 50 сауықтыру лагерін, 100 инновациялық шығармашылық орталығын салу бойынша жұмыстар басталып кетті. Бұл нысандардың құрылысы 2026 жылы аяқталуы қажет.

Сонымен қатар Премьер-министрдің айтуынша, өңірлерде балалардың жазғы демалысы мен бос уақыттарын тиімді өткізу ісі көп жағдайда формалды түрде ұйымдастырылады.

«Әсерлі, мағыналы іс-шаралар аз. Көбіне сапасы сын көтермейді. Ауыл балаларына да қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру кезінде көптеген маңызды мәселелерді ескеру қажеттігін айтты. Әсіресе, балаларға арналған бұқаралық іс-шаралар, соның ішінде қорытынды емтихандар бекітілген кестеге сәйкес сапалы өтуі тиіс.

«Жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керек. Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау министрліктері, өңір әкімдері тиісті қызметтердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуі қажет», — деді Үкімет басшысы.

Осы орайда әкімдер жаз айларында оқу орындарындағы қауіпсіздік жүйелерін жаңғыртып, жабдықтау жұмыстарын күшейтуі тиіс.

Премьер-министр өңір әкімдіктеріне әлеуметтік осал топтағы балалардың жазғы демалысын ұйымдастырып, оларды сауықтыру шараларымен барынша қамтуды тапсырды.

«Ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізу ерекше назарда болуы керек. Олар үшін спорт алаңдары мен даму орталықтарын жабдықтап, ойын-сауық, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы шалғай елді мекендерде балалардың денсаулығына скрининг жасау, стоматологиялық тексеру жүргізу үшін жылжымалы медициналық пункттердің жұмысын ұйымдастыру керектігін айтты. Одан бөлек қоғамдық орындарда балалардың тамақтану сапасын бақылау, тамақтану және ойын-сауық орталықтарындағы санитариялық жағдайды қамтамасыз ету маңызды екені айтылды.

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов ішкі туризмді дамыту шеңберінде экскурсиялық-танымдық іс-шараларды ұйымдастырып, балалардың табиғат аясына саяхаттарын көбейтіп, каникул кезінде оқушылардың музейлерге, театрларға, қорықтарға, ұлттық парктер мен спорттық объектілерге тегін баруларын қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!