ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов зейнет жасын төмендетуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Премьер-министрдің орынбасары ретінде осы мәселеге мен жауап беремін. Бұл мәселемен қаржыға жауапты вице-министрлер емес, мен жеке айналысамын. Жұмыс тобы құрылды, ол Әлеуметтік кодексті әзірлеу аясында тиісті жұмыстарды атқаруда. Сондықтан бұл мәселе талқыланып жатыр. Түрлі топпен, соның ішінде осы мәселеге бастамашы болғандармен кездесулер өтіп жатыр. Биыл Әлеуметтік кодекс қабылданады. Бұл бір күннің ісі емес. Жыл соңына дейін шешім қабылданады. Жазда да, күзде де талқылаймыз», – деді Ералы Тоғжанов.

Премьер-министрдің орынбасары кеншілердің зейнет жасына қатысты да пікір білдірді.

«Ең ауыр жұмыс – кеншілердікі. Мен шахтаға бірнеше рет түстім, олармен кездестім. Расында, бұл ауыр жұмыс. Бірақ айтайын дегенім, кеншінің бәрі зейнет жасын төмендеткенді қаламайды, өйткені жерасты жұмысы үшін олар жоғары жалақы алады. Ондай ақшадан ешкім айырылғысы келмейді. Түрлі ұсыныс түсіп жатыр, біреу қысқартуды, біреу ұзартуды ұсынады. Олардың жоғары жалақы алғысы келеді. Әркімнің денсаулығы пен физикалық әлеуеті әртүрлі. Денсаулығы мүмкіндік бермейтіндер жер үстіндегі жұмысқа барады», – дейді Ералы Тоғжанов. 

Оның айтуынша, Үкімет зейнеткерлік жасты төмендетуге қайта қарау мәселесін қарастырып жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!