Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Алматыда журналист Михаил Козачковпен болған оқиғаға қатысты түсінік берді. Бұған дейін журналист аулада тұрған көлігіне белгісіз біреулер бейәдеп сөздер жазып кеткенін мәлімдеген.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің журналист Михаил Козачковпен болған оқиғаға қатысты ұстанымын түсіндіргім келеді.
Біз жағдайды мұқият қадағалап отырмыз.

ҚР Конституциясының 20-бабы сөз бостандығына кепілдік беретінін еске саламын. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алуға және таратуға құқығы бар», – деп жазды министр өзінің Facebook парақшасында.

Министр ведомство тергеу барысын қадағалайтынын айтты. Сонымен қатар құқық қорғау органдары болған оқиғаға қатысты тез арада құқықтық баға беретініне сенімділік білдірді. 

“Министрлік өз тарапынан журналистке қатысты ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық іс жүргізу заңнамасында берілген мүмкіндіктер шеңберінде тергеу барысын қадағалайды», – деді Омаров.

Бұған дейін Михаил Козачков Facebook-тегі парақшасында оқиғаның мән-жайын жазып, белгісіз біреулердің аулада тұрған көлігіне зақым келтіргенін мәлімдеген.

«Оны тырнап, есігіне балағат сөз жазған, енді есіктері мен қанаттарын бояу керек. Көлік тұрақта, басқа көліктердің жанында тұрды, бірақ оларға ешкім тиіспеген.

Сондықтан біреу әдейі кек алды деп қорытынды жасадым. Мен бұл қылмысты кәсіби қызметіммен байланыстырамын, дәлірек айтсақ, полицияның аға қызметкерінің ұлының үйлену тойында түсірілген бейнежазбаны жариялағаныммен байланысты деп ойлаймын», – деп жазды журналист.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!