Азаматтар араларындағы туындаған дау-жанжалдарды сотқа дейін және сотта өзара татуласу тетіктерімен реттеп, екі жақты қанағаттандыратын медиациялық келісімге келе алады.

Жалпы, бітімгершілік – төрелік етудің озық өнегесі. Бұл халық арасындағы дауларды тобықтай сөздің түйінімен, әділ тұжырыммен шешетін бұрынғы қазақ билері дәстүрінің жалғасы. Қазақ тарихында даулар бітім, құн беру, келісімге келу, ағайыншылық жолдарымен шешілген. Сондай-ақ, билер азаматтық, елдік, рулық мәні бар мәселелер бойынша да татулыққа шақырған. Ал, медиация – араздасқан екі тараптың ортақ бір шешімге келуіне бірден бір бастама болатын ескі дәстүрдің қайта жаңғыруы деп айтуға толық негіз бар.

Медиация институты «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы заңымен реттелген. Заң медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды.

Дауларды сотқа дейін шешудің тиімді түрінде тәжірибеге енгізілген медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі болып табылады.

Аталған Заңға сәйкес, медиация – жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, құқықтық қатынастарға, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстарға, қылмыстық, әкімшілік сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларға тараптардың ниеті болған жағдайда қолданылады.

Медиация еріктілік, медиация тараптарының тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық қағидаттар негізінде жүргізіледі.

Медиациялық келісімді бекіту үшін медиатор даудың шығу себебін анықтау үшін екі жақтың пікірін толық тыңдап, тараптардың талабына байланысты дауды шешетін, тараптарды бітімгершілікке келтіретін жолдарды таңдайды. Екі тарапта медиациялық келісімге қанағаттанып, дауды бітімгершілікпен аяқтауға ынта білдіріп, бітімге келуге қадам жасауы тиіс.

«Даусыз ел болмас», дегендей, дауларды соттардан тыс шешу тетіктерін дамыту қазіргі қоғам талабы. Айта кету керек, бүгінгі күні соттарда бітімгершілік рәсімдері қарқынды дамыды. Сотқа жүгінуші азаматтарға араларындағы туындаған дау-жанжалдарды медиаторлар, бітістіруші-судьялар, Билер кеңестері бітімгершілікпен шешуге ықпал ете алады. Сонымен бірге, тараптарға сотқа дейінгі хаттама жасау арқылы ымыраға келулеріне болады. Нәтижесінде қарым-қатынастар сақталып, моральдық және материалдық шығындар азаяды, сондай-ақ, дау сот ісін жүргізбей шешіледі. Даулардың татуласумен шешілуі сот барысында орын алатын түрлі қиындықтардан құтқарады. Осы тұрғыдан алғанда татуласу тетіктерінің тиімді тұстары өте көп.

Сот жүйесіндегі реформалардың бірден-бір көрінісі медиация рәсімдерінің жүргізілуі болып табылады. Қай уақытта да даудың бітіммен аяқталуы ол үлкен жеңіс. Медиация арқылы бітімге келіп аяқталып жатқан әрбір іс, ол ең алдымен тараптарға тиімді шешім.

Қызылорда қалалық сотының судьясы А.М. Сансызбаева

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!