Фото «ЖИ» арқылы жасалған
«Жаңа көлік алдым, көрімдік бересіз бе, көке?». Иә, мұндайды жиі естіп, тіпті өзіміз де айтамыз. Бірақ жаңа көлікке көрімдік берілмейді емес пе? Сонда қай жағдайда көрімдік сұрап, қай уақытта байғазы ұстатып, сүйінші сұраймыз? Қарастырайық.
Иә, қазақта қуанышты жаңалыққа бай ланысты жоралғы көп. Солардың бірі − көрімдік. Аты айтып тұрғандай, дүниеге келген сәбиді алғаш көргенде, жаңа түскен келінді көргенде көрімдік сұрайды. Яғни қуанышты жаңалықты көзбен көріп, соған ортақтасудан туған жоралғы. Оның мәні затта емес, қуанышқа ортақ болуда. «Жақсылықты бөліссең – көбейеді» деген ұстаным осындай дәстүрлер арқылы қалыптасқан.
Ал байғазы жаңа алған затқа үлкендердің кішіге беретін сыйы. Жаңа киім, жаңа домбыра немесе басқа да жаңадан алған затты көргенде үлкендер «байғазы берейін» деп, ақша немесе басқа сыйлық ұсынған. Мұның астарында «жаңа затың құтты болсын!» деген тілек бар.
«Дәстүр бойынша байғазы ретінде тиын, алқа, моншақ, тәттілер берілген. Ұл балаларға қамшы, жүген сияқты бұйымдар, қыздарға әшекейлер сыйланған. «Байғазыға байдың қызы» деген қалжың сөз де осы салттың бір бөлшегі. Байғазы – жаңа нәрсеге, жаңа киімге, жаңа затқа берілетін кәде. Әсіресе, кішкентай балалар жаңа киім киген кезде жүгіріп үлкендерден байғазы сұрайды. Ол мін емес. Қайта үлкендердің оны елемеуі мін болады. «Бір бала қуанса, бір гүл қауашақ ашады» дейді халқымыз. Баланың көңілін марқайту – тәрбиенің бір бөлігі», − дейді Зейнеп Ахметова.
Қоғам қайраткері екі жоралғының ара жігін «Келін келді, көріңіз, көрімдігін беріңіз деп айтамыз. Көрімдік жаңа түскен келінге, ауылға алғаш келген күйеу балаға, жаңа туған сәбиге беріледі. Көрімдік – жандыға, ал байғазы – жансыз нәрсеге беріледі», − деп түсіндіреді.
Ал сүйіншіге келсек, ол жақсы хабар жеткізген адамға беріледі. Бұрын ауылға қуанышты хабар жеткізген адам «сүйінші!» деп кіріп келген. Үй иесі немесе айналадағылар хабаршыға сыйсыяпат немесе ақша берген. Бұл да қуанышты бөлісудің, жақсылықты жария етудің бір көрнісі. Жоғалған малды немесе затты тапқан адам да сүйінші сұраған. Ал хабарды тек естіп жеткізгендерге «құлақ сүйінші» тағайындалған.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!