Фото: бейнежазбадан
Жетісу облысында ауыл әкімі креслосында отырып видео түсірген блогер жауапқа тартылды. Бұл туралы smartnews.kz сайты хабарлап отыр. Nege.kz сайтының мәліметінше, блогер халық одан әкім болуын сұрады дейді. Бірақ ол әкім болғысы келмейтінін, тек арасында келіп кетуге ниетті екенін айтады.
«Халық әкім болуымды сұрайды. Болғым келмейді. Дос ретінде орнына отырып, тапсырма беріп, ақылды сөздер айтып бере аламын. Бірақ тұрақты түрде әкім болғым келмейді… Президенттен күрделі тапсырмалар келгенде, ол маған хабарласады. Өзімнің жеке жұмыстарымның бәрін тастап, осында келуіме тура келеді… Қашан демаламын – демалатын уақыт жоқ», – дейді блогер.
Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметі мәліметінше, видеоның 20 ақпанда сағат 18:00 шамасында Қарабұлақ ауылында түсірілгені анықталды. Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің қызметтік кабинетінде болған тұрғын видео түсіріп, Instagram-ға жариялаған.
Бұл видеоға қатысты іс Талдықорған қаласының әкімшілік сотында қаралды. Видео 20 ақпан күні кешке Қарабұлақ ауылында түсірілгені белгілі болды.
«Г есімді ер адам Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің кеңсесінде видео түсіріп, Instagram желісінде басқаларға құрметсіздік көрсеткен», – деп мәлімдеді Жетісу сотының баспасөз қызметі.
Сот отырысында ер адам өз кінәсін мойындап, соттан оны қатаң жазаламауды сұрады. Оған 20 АЕК (73 мың 840 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!