Құқықтық мәдениет – құқықтық мемлекет құрудың, заң үстемдігін қамтамасыз етудің және қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың маңызды негіздерінің бірі. Азаматтардың құқықтары мен міндеттерін білуі, заң талаптарын сақтауы, құқықтық сауаттылығы мен жауапкершілігі қоғамның құқықтық мәдениетінің деңгейін айқындайды. Осы бағытта адвокаттар мен нотариустардың атқаратын қызметі ерекше маңызға ие.
Адвокат – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін тәуелсіз құқықтық институттың өкілі. Ол азаматтарға және заңды тұлғаларға құқықтық кеңес береді, соттарда, мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда олардың мүдделерін қорғайды. Сонымен қатар адвокаттар халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Адвокаттардың кәсіби қызметі азаматтардың заңды құқықтарын қорғаумен қатар, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Әсіресе әлеуметтік осал топтарға көрсетілетін кепілдендірілген заң көмегі халықтың құқықтық қорғауға қолжетімділігін қамтамасыз етіп, құқықтық мемлекет қағидаттарының жүзеге асуына септігін тигізеді.
Нотариустар да құқықтық мәдениетті қалыптастыруда маңызды орын алады. Нотариат азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған құқықтық институт болып табылады. Нотариус мәмілелердің заң талаптарына сәйкестігін тексеріп, олардың заңды түрде рәсімделуін қамтамасыз етеді, құжаттардың заңдық күшін куәландырады және құқықтық даулардың алдын алуға ықпал етеді.
Нотариустың қызметі құқықтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Мысалы, мұрагерлік құқықтарды рәсімдеу, сенімхаттарды куәландыру, жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді нотариаттық куәландыру сияқты рәсімдер азаматтардың құқықтарының сенімді қорғалуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде құқықтық қатынастардың ашықтығын арттырып, азаматтардың заңға деген сенімін нығайтады.
Қазіргі таңда адвокаттар мен нотариустар құқықтық ағарту ісіне де белсенді қатысуда. Олар бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, семинарлар, кездесулер және «Ашық есік күндері» арқылы халыққа заңнаманың жаңа талаптарын түсіндіріп, құқықтық кеңестер береді. Мұндай жұмыстар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, құқық бұзушылықтардың алдын алуға да оң әсерін тигізеді.
Адвокаттар мен нотариустар құқықтық мемлекеттің ажырамас институттары ретінде азаматтардың құқықтарын қорғауға, заңдылықты нығайтуға және құқықтық мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Қоғамдағы құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейі – әділеттілік пен тұрақтылықтың, азаматтардың заңға деген сенімінің және құқық үстемдігінің кепілі.
Қызылорда облысы Әділет департаментінің
құқықтық түсіндіру және заңгерлік қызмет көрсету
бөлімінің басшысы Ш.Бегежанова
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
