Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде аттестат табыстау рәсімі өтті. 95 жас зияткер үлкен өмірге қадам басты.

Салтанатты жиында бітіруші сыныптар балалық шақ бекетінде өткізген қуанышты сәттер мен қол жеткізген жетістіктерін еске түсірді. Алғашқы құттықтау сөз алған мектеп директоры Бақыт Жұматай шәкірттерге ақ жол тіледі.

– Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, адам жетістікке жету үшін төрт мәселеге назар аудару керек. Ол қызығушылыққа сәйкес мамандық таңдау, нақты мақсат қоя білу, үздіксіз еңбек ету және қандай жағдай болсын қиындықтарға мойымай, еш уақытта сенімін жоғалтпау. Құрметті шәкірттер, мектеп қабырғасында сіздер сапалы білім алып қана қоймай, бойыңызда болашақта жетістікке жету үшін қажетті дағдылар қалыптасты деп ойлаймын. Алдағы уақытта қалаған жоғары оқу орнында білім жалғастырып, әлем мойындайтын сапалы маман атанып, еліміздің мүддесі үшін қызмет етеді деп сенемін. Үлкен өмірге басқан қадамдарыңыз құтты болсын! – деді ол.

Биылғы түлектер мектепті үлкен жетістікпен тәмамдады. Сыртқы жиынтық бағалау нәтижелері бойынша барлық пәндерден алынған А*, А бағалардың саны 53,8 пайызды құрады. Сондай-ақ бір оқушы «Алтын белгі» және төрт оқушы ерекше үлгідегі аттестатқа ие болды. Қазірде түлектер қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарына шақырту алып жатыр. Атап айтқанда, 14 түлек Назарбаев Университетінің Foundation бағдарламасына оқуға қабылданса, 9 зияткер АҚШ, Италия, Оңтүстік Корея, Венгрия мен Ресей университеттерінің білім грантына қол жеткізді.

Салтанатты жиында түлектер ілім мен тәрбие берген, үнемі қамқорлық көрсеткен ардақты ұстаздарына алғыс білдірді. Мектепке деген қимастық сезімін әуенді әнмен жеткізіп, мектеп вальсін орындады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!