SAT халықаралық тест нәтижесінде Бақдәулет Нұрланұлы ҰБТ-дан 140 балл сертификатына ие болды. Бақдәулет болашақта Гарвард университетінде магистр дәрежесін алуды армандайды, Қазақстанда алғашқы технологиялық мектеп ашып, өз Отанының игілігі үшін жұмыс істегісі келеді.

Бақдәулет Жарылқасын үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Мұрагер» мектебіне 2010 жылы 5 жасында келді. Мектеп қабырғасында 11 жыл оқып, «Алтын белгіге» бітірді. Оқу барысында Бақдәулет Нұрланұлы бірнеше рет мектептің атынан түрлі іс-шаралар мен жарыстарға қатысты. Жалпы білім беретін пәндер бойынша қалалық олимпиаданың алты дүркін жеңімпазы және облыстық олимпиаданың үш дүркін жүлдегері атанды. Биыл Қызылорда облысының атынан республикалық олимпиадаға қатысып, күміс медаль иеленді.

Бақдәулет Өнер мектебінің фортепиано сыныбын да үздік тәмамдап отыр. Оқу барысында ол Азияның 31 елі арасында өткен пианистер байқауында Қазақстан атынан қатысып, «Үміт» атағының иегері болды. Сонымен қатар республикалық классикалық музыка байқауына қатысып, Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген музыканттар арасында екінші орынға ие болды. Бақдәулет гитараны өз бетімен ойнауды үйренді. 2019 жылдан бастап Қазақстандағы ең үлкен еріктілер желісі – еріктілер лигасына қатысып, 2020 жылдан бастап 2021 жылдың сәуіріне дейін Еуразия қоры халықаралық ұйымының «Қамқор Аға, Қамқор Әпке» жобасының жаттықтырушысы болып жұмыс істеді, 7-11 сынып оқушыларына ағылшын тілін үйретіп, халықаралық емтихандар бойынша кеңес берді. 10-сыныпта бағдарламалаумен айналыса бастады және қазіргі уақытта пайдаланушыларға ағылшын тілін үйреніп, ҰБТ пәндері бойынша курстардан тегін өте алатын оқыту веб-сайтын әзірлеп жатыр.

11-сыныпта халықаралық SAT емтиханын тапсырып, әлемнің үздік оқушыларының 4% -ына енді. Бақдәулет Нұрланұлы – физика бойынша екі жобаның авторы. Физика-математика пәнінен халықаралық емтихандарды үздік тапсырып, Назарбаев Университетіне «Есептеу техникасы» мамандығы бойынша оқуға 100% грант иеленді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!