aikyn.kz

Әділдік іздеген ана қызының өліміне кінәлілерді табуға және жазалауға көмектесу үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Ол қызының өліміне байланысты қозғалған істі жаппай, толыққанды және объективті тергеу үшін ІІМ-ге тапсыруды талап етіп отыр.

Оқиға 2022 жылдың мамырдың 3-інен 4-іне қараған түні Алматыда болған. Қалалық  Полиция департаментінің мәліметінше, 16 жастағы қыз өзі тұрған үйдің ауласындағы ағашта асылған күйде табылған. Қылмыстық іс бір жылдан астам уақыт бойы суицид фактісі бойынша тергелді. Бірақ қылмыс құрамы болмағандықтан,  іс биыл маусым айында жабылған. Алайда марқұмның анасы Айнагүл Баисова тергеушілердің нұсқасымен келіспейді. Оның айтуынша, қызын өлтірген. Бұған бүгінгі күнге дейін жүргізілген барлық сараптама – осыған айғақ. Сондықтан істің «өзіне-өзі қол салу» емес, «өлтіру» бабы бойынша дұрыс қаралуын талап етіп отыр.

– Дәл сол күні бәріміз үйде болдық. Кешкі асты ішкеннен кейін кіші қызыма ертегісін оқып бердім. Өзім тұмауратып жүргенмін, сол күйімде қыздарымның бөлмесінде ұйықтап қалыппын. Ол уақытта Адель үйде болды. Өзім де, күйеуімде де – дәрігер. Жалпы, дәрігерлер династиясымыз. Жұмыста кеш қалып, түн ортасында қайту – қалыпты дүние. Дәл сол күні күйеуім жұмыстан кеш келген. Адель екеуі шай ішкен. Артынан күйеуім ұйықтаймын деп жатын бөлмеге кеткен. Ал қызым болса, үстіндегі жатарда киетін киімімен телефонда отырған. Таңғы 4-терде аяқасты оянып кетіп, қызымның жоқ екенін байқадым. Үйден таппаған соң, күйеуім екеуміз ауланы айналып іздей жөнелдік. Үйдің бұрышында, қуыста асылған күйінде тауып алдық, – дейді Айнагүл Беисова.

Жедел жәрдем келгенше олар Адельді босатып алып, жүрегіне массаж жасап, жасанды тыныс алуына көмектескен. Бірақ одан ештеңе өзгермеді. Тіпті, жедел жәрдем келгенде анасы адреналинді үш рет салдыртқан. Дәрігер ретінде бір салғаннан-ақ оянатынын түсінсе де, ана ретінде қызы үшін күресуін тоқтатпаған.

– Қызым өлмей тұрып, денесіндегі көптеген жарақат оның суицид жасауын жоққа шығарып отыр. Сот және соттан тыс сараптаманың өзі «басы өткір қатты затпен жарақат алғанын» көрсетіп отыр. Басының маңдай жағымен миына қан кеткен. Ал бұл дегеніміз – Адельдің өзіне-өзі қол салмақ түгілі, аяғына тұра алмағанын көрсетеді. Бетінің оң жақ жағы мен оң жақ иығы жараланған. Негізі ағаш қарсы аулада өсіп тұр. Біздің аулаға тек бір бұтағы ғана көрініп тұрады. Шынын айтқанда, оған шығу мүмкін емес. Өйткені әлгі бұтаға шығу үшін алдымен биіктігі екі жарым метрлік цементтелген теп-тегіс қоршауға шығуы керек. Оған физикалық тұрғыда мықты деген қыздар шыға алмады, сырылып қол-аяғынан түк қалмады. Біріншіден, бұл зерттеу көктемде емес, қыста жүрді. Тергеуде мұның өзі дұрыс емес. Оның үстіне, қызымның көзі нашар көретін. Диагнозы – миопия, яғни – 2,5. Тіпті, қызым қоршауға дін аман көтерілсе де, бұтаға жіпті бір емес, сегіз қабаттап орап, ештеңеге сүйенбей қалай байлады? Байлағанда да теңізшілер секілді түйінді қалай жасай алды? Жарайды, соның бәрін істеді дегеннің өзінде қызым көзілдіріксіз, қараңғы түнде істеді, оны қалай істей алды? Еш уақытта көзілдірігін тастамайтын. Бұл жолы үйде қалды. Ендеше, асығып, таныс біреуге шыққан, – деген Анелдің анасы қызының кеш қарайған соң сыртқа шықпайтынын айтты.

Айнагүл Баисованың айтуынша, Қарағандыда жүргізілген биологиялық сараптама бойынша Адельдің киімінен қан табылған. Бірақ бұл фактіні тергеушілер ескеріп қарамаған.

«Тергеу барысында бетпе-бет жүздестірілген куәгерлердің пікірі де ескерілмеді. Куәгерлердің айғақтары, менің қызымды екеуі өлтірді деп мәлімдеген куәгерлермен бетпе-бет ставкалар ескерілмейді. Бірі – тұрғылықты мекенжайы жоқ жан. Біздің аулада тұрады. Екі жігіттің қызымды талға іліп жатқанын көрген. Оған дейін олардың бірі қызымды басынан ұрып, талдырып жіберген екен. Ал арқан жіпті әлгі жігіттерге қаңғыбастың өзі беріпті. Сараптамада қызымнан арқанды ұстаған ізі табылмады. Бұл қаңғыбас болса да Қазақстанның азаматы ғой. Оның сөзін есепке алмады, тіпті, әлгі екі жігіттің атын сұрап, ақпараттың рас-өтірігін тексермеді. Осыны тергеушілерден талап еткенде, қаңғыбасты таба алмағанын сылтауратты. Екінші куәгер – көршіміз. Өзі студент. Сабаққа дайындалып отырғанында «жоқ» деп айқайлаған қыздың дауысын, артынан бірдеңенің гүрс ете түскенін естіген екен. Оның сөзін де елемеді. Керісінше, қызымызды өлімге итермеледі деп бізді айыптап шықты, – дейді Айнагүл Баисова.

Адвокат та Айнагүл Баисованың сөзін растап, іс бойынша дұрыс тергеу жүрмегенін сөз етті. «Осы іс жабылғанға дейін бір емес, бірнеше тергеуші ауысқан. Тіпті, іс Астанадағы ІІМ-на толығымен әлі жіберілмеген. Іс бойынша қаншама сұрақ туындап отыр, соның біріне толыққанды жауап бермеді. Істі жабуға қатысты шешімді сот бізді қатыстырмай-ақ қабылдады». –  дейді Ғалия Дүйсенбаева.

– Тергеуші оқиға болған жерді мұқият тексермеді. Біріншіден, полиция аула тұрғындарынан жауап алмаған, көрші кеңселердегі камералардан бейнетаспа сұрап, тексерілмеген. Мәселен, 6 адам қатысқан сот-медициналық, медициналық-криминалистикалық, ситуациялық кешенді комиссиялық сараптама шеңберіндегі тергеу эксперименті өрескел қатемен жүргізілген. Сараптама және бағалау орталығының тәуелсіз сараптамасы да ескерілмеді, – деді  адвокат.

Қызының жүрегіне массаж жасап, жасанды тыныс алуына көмектесті деген ананың да, әкенің де ДНҚ сараптамасынан табылмаған екен.

– Қызымның өзі өлді дегенге сенбеймін. Ондай ойы болса, қоштасар хат  не болмаса бірауыз сөз жазып кетер еді. Тым болмағанда іс-әрекетінен байқалар еді. Сенбіде бірге өзіне ұнап жүрген иіссу алуға бармақ болдық. Тіпті, әжесімен бірге зейнетақыны алуға баратын болған. Ал қызым сөзінде тұратын жан болатын. Бірақ ондай ештеңе таппадық. Тек  қалтасында гаджеті болды, бірақ оның ішіндегі соңғы коңырауы не жазбалары сақталмаған, бәрі өшірілген. Кіммен жазысып, сөйлескенін де білмейміз. Бір білерім – мұндай жағдай екінші рет болып тұр. Қызымның жағдайынан кейін, 5-6 айдан соң мектебінде тағы бір оқушы осылай қаза тапты. Мұндай сәйкестік болуы мүмкін бе? Екеуі де Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы.

Міне, осының анық-қанығын тексеру керек. Ал бұл жағдайдан кейін қызымның сынып жетекшісі білім ордасының Астанадағы филиалына ауысып кетті. Кімнің қайда кеткені маңызды емес. Маңыздысы – қызымның атын тазарту. Ол өзіне-өзі қол салмады. Оны біреулер өлтірді. Осыған сенімдімін. Алла сақтасын, ешбір ата-ана осындай жағдайға түсемін деп ойламайды. «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» мәпелеп, аялап жүрген қызыңды кенеттен аулаңда асулы күйде табу кез келген әке-шешеге ауыр. Қазір басты мақсатым – істі ҚР ҚК-нің 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша қозғау және зұлымдыққа барған қылмыскерлердің жазалануы, – деген ана елордаға әділеттік іздеп келді.

Ал зар жылаған ананың сөзіне құлақ асар жанның бар-жоғын уақыт көрсетер… Бірақ елордаға үмітін арқалап келген ананың сөзін естір құлақ, көрер көз болар деп тілейміз.

фото:kaztag.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!