«Qazaq epos» қоғамдық қоры жариялаған «Тұлпар мініп, ту алған!» жобасына қатысушылар байқаудың аудандық кезеңіне қызу дайындық үстінде. Солардың бірі – Жалағаш ауданы Есет батыр ауылдық №124 орта мектептің 7-сынып оқушысы Ақбаян Әбдімәлік. Зерделі жас кішкентайынан қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа айтып, қазақ әдебиеті пәнін сүйіп оқиды.

«Едіге батыр» жырын толық жаттап алдым. Жазғы каникул кезінде күн сайы жырдың бір бетін жаттап, қайталап отырдым. Қазір қайталап, мәнерлеп оқуды пысықтап жатырмын, – дейді ол.

Ақбаянның ұстазы, №124 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зухра Тоқшылықова «Тұлпар мініп, ту алған!» жобасының берері мол екенін айтады.

Баланың өлең-жырға деген сүйіспеншілігін оятудың пайдасы зор. Жыр жаттау эмоционалды ойлау қабілетін, оны белгілі бір мақаммен оқу сөйлеу мәдениетін жақсартады. Өлең жаттау баланың жадын жаттықтырудың ең тиімді құралы, – дейді Зухра Тоқшылықова.

Айта кетейік, «Тұлпар мініп, ту алған» республикалық байқауы өткен жылы да ұйымдастырылып, жыр жаттаған жастар миллионер атанған еді. Биыл да дәстүр үзілмеді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өтіп жатқан байқаудың аудандық іріктеу кезеңі Жалағаш ауданында 27 қазан күні өтеді. Ауданға қарасты мектептерден байқауға 6-10 сыныптардан 60-тан астам оқушы қатысуда.