«Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі мен Қызылорда облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен еліміздегі ата-аналар қоғамдастығы арқылы саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру мақсатында Қызылорда қаласында «Ата-ана-ұстаз-оқушы: болашаққа бағытталған ынтымақтастық» атты аймақтық ата-аналар форумын өткізді.

Форумның мақсаты – Баланың кемел адам болып қалыптасуында ата-ананың рөлін айқындау. Сонымен қатар елімізде көп талқыланатын тақырыптың бірі – педагог статусы мен мұғалімнің әлеуметтік жағдайының жақсаруына үн қосу.
Ауқымды іс-шараға тіркелу оффлайн-онлайн түрде жүзеге асырылды.

Форум үш бөлімнен тұрды: Пленарлық отырыс, Бала тәрбиесіне қатысты семинар-тренингтер,
Ата-аналармен сұхбат.

Форум жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Саясат Нұрбек, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Дамир Жүнісов, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Балжан Шаменова, Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамов, Нұркен Асанов – «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, қоғам қайраткері Нұркен Асанов, ата-аналар, үкіметтік емес ұйымдар және т.б. қатысты.

Шараның пленарлық отырысын «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рақымбек Жолаев жүргізіп отырды.

Сонымен қатар, қатысушы ата-аналар мен қонақтарға тақырыптық спикерлердің қатысуымен төмендегідей семинар-тренингтер өткізді:
1) Бала тәрбиесіндегі эксперт-маман, педагог Елжас Ертайұлы «Бақытты бала химиясы» тақырыбында;
2) «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының директоры Ақбаян Жакипова «Буллинг жəне кибербуллингті болдырмауда ата-ананың рөлі» тақырыбында;
3) Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Рабиға Игенбаева «Еркін тəрбие: проблемалар мен шешу жолдары» тақырыбында өз ойларымен бөлісті.

Шара соңында сарапшы мамандар ата-аналардың сұрақтарына жауап беріп, кері байланыс жұмыстарын жүргізеді. Шараға еліміздің барлық облыстарынан зум платформасы арқылы ата-аналар қатысты.