Білім беру нысандары бақылау жүйесімен, дабыл түймешегімен және арнайы күзетпен міндетті түрде қамтамасыз етілетін болады

НҰР-СҰЛТАН, 17 мамыр — Sputnik. Қазақстандағы мектептерде арнайы күзет болады. Бұл туралы әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев мәлімдеді.

«Бүгінде білім беру ұйымдарының көбі лаңкестік жағынан осал нысандардың қатарына енгізіліп отыр. Мамырдың басында үкіметтің тиісті қаулысы қабылданды. Онда лаңкестікке қарсы қорғанысты ұйымдастыру бойынша жаңа талаптар бекітілді», – деді Баймұқашев онлайн брифингте.

Оның айтуынша, бұрын осы талаптар ұсыныс ретінде ғана таратылып тұрған. Ендігі кезекте міндетті шара болып саналады.

«Білім беру нысандары бақылау жүйесімен, ұжым мен келушілерді құлақтандыру құралдарымен, дабыл түймешегімен, рұқсатпен кіру жүйесімен және арнайы күзетпен міндетті түрде қамтамасыз етіледі», – деп атап көрсетті Баймұқашев.

Бүгінде 408 мектепте арнайы күзет бар. Бірақ осы білім беру нысандарының барлығы ірі қалаларда орналасқан. Бұдан бөлек, 1 000-нан астам мектеп дабыл жүйесіне қосылса, 333 мектепте турникет орнатылған.

sputnik.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!