Қосымша білім беру ұйымында бейнелеу өнері ерекше сұранысқа ие. Себебі балалар мен жасөспірімдер сурет салу, мүсіндеу арқылы шығармашылық қабілетін шыңдауға мүмкіндік алады. Оған қоса бейнелеу өнерімен шұғылдану қиялды дамытып, алғырлықты, эстетикалық талғамды дамытады.

Білім алушының шығармашылық және практикалық дағдыларын қалыптастыруда мұғалім маңызы зор. Оқушының талантын танып, шығармашылық әлеуетін бағамдай білу үшін де ізденіс пен зерек көңіл қажет. Осы орайда бейнелеу өнері мұғалімінен сауатты маман ғана емес, тұлғалық болмысы кемел, дарынды ұстаз болуы да талап етілуде. Бейнелеу өнері арқылы эстетикалық тәрбие берудегі жұмыстың нәтижелі болуы педагогтың шеберлігі мен ізденімпаздығы, шығармашылық жетістігі, білім деңгейімен тығыз байланысты болмақ.

Түрлі әдістемеге сүйеніп, білім алушының назарын аудару – шеберліктің бір қыры. Үйірме жетекшісі бейнелеу өнері түрлерін жетік біліп, балаға түсінікті мазмұнда жеткізгенде ғана нәтиже сәтті болары белгілі. Сонымен қатар көркемөнер туындыларының мағынасын түсіну, бояу түстерін ажырату, көркемдік мәнерін сезіне білуге баулу шарт. Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту қосымша білім беру педагогтерінің негізгі мақсаты десек, аталған ескертпенің барлығы ерте жастан өнерге әуес өреннің қалыптасуына жол ашады.

Е.СЕРМАНОВ,

қалалық білім бөлімінің

қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы,

«3D бейнелеу өнері» үйірмесінің жетекшісі