Еліміздің кемел келешегі – білім беру ісі мен жоғары технологияға негізделген ғылым саласындағы білікті кадрларға байланысты. Осындай әлемдік рейтингтерде алдыңғы қатардан көрініп, бәсекеге қабілетті мамандар дайындауда, жастарды еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда танымал болған заманауи білім ордасы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.                                                                                                    

ҚазҰУ халықаралық деңгейдегі ғылыми-зерттеу университетіне айнала отырып, әлемдік университеттер рейтингінде үнемі алда келеді. Сонымен қатар, 2020 жылы QS World University Ranking әлемдік рейтингінің нәтижесі бойынша ҚазҰУ әлемдегі ең үздік университеттер тізімінде 165 орынға ие болды. Бұл топта ТМД елдерінен тек Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғана бар.

Биыл британдық QS компаниясының халықаралық университеттер қызметінің кең ауқымдылығын дәлелдейтін зерттеуінде QS «Бес жұлдыз» белгісін иеленді. «Бес жұлдыз» белгісін иелену әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-білім беру саласындағы халықаралық қауымдастықта беделді екенін көрсетеді. Осылайша жетекші қазақстандық университет Орталық Азия мен ТМД-дағы көшбасшылығын тағы да дәлелдеді.                                                Өзім білім алатын тарих, археология және этнология факультеті  отандық және шетел тарихы, археология, этнология, музей ісі мен ескерткіштерді қорғау, мұрағаттану саласында жоғары дәрежелі маман дайындауда. Факультет бүгінде алыс және жақын шетелдермен халықаралық ғылыми байланыс орнатып, факультет ғалымдары мен студенттері Ресей, Италия, Франция, Германия, Қытай және т.б. елдердің мамандарымен бірге ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Университет қабырғасында білім алатын студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми-инновациялық әлеуетіне қолдау көрсетуде заманауи зертханалық база, ғылыми үйірмелер мен клубтар құрылған. Бүгінде университет ұлттық және халықаралық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлап, білім беру және біліктілікті арттыру мақсатында еңбек етіп келеді. Осындай мүмкіндіктерге ие әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің студенті атану – асқақ арман, үлкен мақтаныш!

Андас ҚАЗБЕК