Талантты оқушыны тани білу – жарты ерлік. Себебі оның өнерін өрістетуге жол ашып, көмек қолын созу орасан зор еңбекті талап етеді. Әсіресе, бастауыш сынып оқушыларының тұмдай тұнық болмысын аялай білу, бағыт-бағдар беру кезек күттірмейді. Осы орайда «Bilim-Orkenieti» Ұлттық Инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған «ҚР 100 үздік өнерлі оқушысы» атты республикалық байқауын ерекше атап өткен жөн.

Елдегі өнерлі жастар арасында байланыс орнату және оқушылардың шығармашылық әлеуетін күшейту, инновациялық идеясын дамыту бағытындағы байқаудың көмегімен  танылған таланттар аз емес. Олардың қатарында «Orda School» жеке мектебінің оқушылары да бар.

Білім және Ғылым министрлігінің ақпараттық қолдауымен ұйымдастырылған сайыс биыл да тартысты өтті. Екі кезеңнен тұратын байқауға Қазақстанның түпкір-түпкірінен 400-ден астам мектеп оқушы бақ сынап, ішінен 100 оқушы топ жарды. Жүзден жүйрік шыққан балалар елордада өткен марапаттау рәсіміне қатысып, жеңіс тұғырынан көрінген. Соның ішінде өңірдегі «Orda School» жеке бастауыш мектебінің 2 сынып оқушылары – Сая Нұрболатқызы, Айзере Ғалымжанқызы, Ернұр Серік те байқау жеңімпаздары атанды.

Жеңімпаздарды «Bilim-Orkenieti» ҰИҒЗО директоры Әзірет Сатылғанов, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібекұлы, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбесұлы секілді сала мамандары мен қоғам қайраткерлері марапаттады. Сырбойылық оқушылар I дәрежелі диплом және «Мен Қазақстанның Патриотымын» төсбелгішесін иеленген.

– Баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарынды тани білу, дамуына бағыт-бағдар беру қажетін әр мұғалім жете түсінуі керек. Ол үшін дарынды оқушымен жұмыстың әлеуметтік қажеттілігін сезіну, нәтижелі әдіс-тәсілдерді талмай ізденуі, жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылу, ата-анасымен тығыз байланыс маңызды. «Orda School» жеке бастауыш мектебінің оқушылары да ізденіс пен білімді қатар алып жүруде. Оларға лайықты жол сілтеу үшін үнемі ізденісте болуға тура келеді. «ҚР 100 үздік өнерлі оқушысы» байқауына балаларды қатыстырудағы мақсаттың бірі – танымды кеңейту, шығармашылық байланысты нығайту. Бұл тұрғыда оқушылардың талпынысы көңіл көншітеді, – дейді оқушылардың жетекшісі Нұрай Марқабатқызы.

Сонымен қатар дарынды оқушылар туралы мәлімет байқау аясында жарық көрген «100 үздік өнерлі оқушы» атты кітап-жинаққа шыққан. Талапкерлер жүлдемен қатар «Мәңгілік Ел» кітабы сыйға алып, ұйымдас­тырушыларға алғысын айтуда.

Өз кезегінде «Bilim-Òrkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры Әзірет Сатылғанов мұндай жобаның маңызы зорын атап өтіп, білім беру ісіндегі ілгерілеу байқалатынын қуана жеткізген.

Жалпы мемлекетіміздегі білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен оқытушыларының инновациялық әдістері мен шығармашылық әлеуетін қалыптастыру – маңызды міндет. Әсіресе, педагогтердің біліктілігін арттыру, олардың тәжірибе алмасуына ықпал ету үшін мамандандырылған орталық барынша мүмкіндік алаңын әзірледі. Мұнда кәсіби жетік, креативті, білікті мамандардан құралған команда қызмет атқаруда. Сол секілді «ҚР 100 үздік өнерлі оқушысы» атты республикалық байқауын ұйымдастыру да ерекше жауапкершілік артты. Сайыста басымдық дарынды, өнерлі, білімді жастардың үздік жобаларына қолдау көрсету, сол арқылы Қазақстанның тұрақты дамуына үлес қосу идеясы назарға алынды, – дейді орталық басшысы.

Ұстаз ретінде білім берген оқушының ерекшелігін, танымын зерттеп, даму деңгейіне орай әдіс-тәсілдерді іріктеу нағыз кәсіби маманға тән қасиет екені анық. Бұл орайда «Orda School» мектебінің ұстаздары көпке үлгі болып келеді.     

Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ