Сіз балаларға қандай кіап оқуға кеңес берер едіңіз? Қазіргі ақпараттық технологиялар заманында мазмұнды, тәрбие құралы бола алатын кітап таңдау оңай іс емес. Оның үстіне әдебиет жанашырлары соңғы жылдары жас оқырмандарға арналған кітаптардың жарық көруі кенжелеп тұрғанын айтуда. Ал бұл ұрпақ тәрбиесіндегі өзекті мәселе.

Еңбек ардагері Оразбай Қосанов есімі қызылордалықтарға жақсы таныс. Өйткені, бұған дейін автордың қоғамдағы өзекті мәселелерге орай «Экологиялық терминдер түсіндірмелі сөздігі», «Қызылорда облысы жан-жануарларының экологиялық ахуалы», «Адамдарға айтарымыз бар» атты еңбектері жарық көрді.
Педагог-қаламгер кітапқұмар балаларды да ұмытпапты. «Танысайық төлдермен» атты жаңа туындысы осы сөзіміздің дәлелі. Жалпы, Сыр өңірінде кішкентай жүректің қажетін дөп басатын туынды жазған авторлар аз емес. Олардың арасында Рахат Наурызбаева, Толыбай Абылаев, Мұхамеджан Нұрханов секілді балалар ақындардың есімі ерек аталады. Ал ҚР Білім беру ісінің үздігі, сала ардагері Оразбай Қосанов өз оқырмандарымен терең шығармашылық байланыс орнатқан.
Олай дейтініміз, оның бүгінге дейін бұл бағытта бірнеше еңбегі жарық көрді. Мәселен, 2019 жылы қолға тиген «Балаларға базарлық» атты туындысы бүлдіршіндерді ертегілер әлеміне, жер шарын және ондағы түрлі құбылыстарды тануға, отансүйгіштікке, шынайы достыққа жетелейді. Жаңашыл автор бұл жолы кішкентай оқырмандарын «Танысайық төлдермен» атты еңбегімен қуантып отыр.
3-10 жас аралығындағы балаларға арналған кітап тақырыптарға сай түрлі-түсті суреттермен безендірілген. Аты айтып тұрғандай үй жануарлары мен аң-құстарды сипаттап, тек жақсыны дәріптеген дүние жас оқырманға керек дүние. Себебі, мұндағы әр өлең – автордың ұзақ жылғы шығармашылық еңбегінің жемісі. Енді осылай бүлдіршіндер әлемін баурайтын шығармалар қоржыны жыл сайын тартымды туындылармен толыға берсін деп тілейміз.
Қалай десек те, жас оқырманның төрт түлік туралы танымын кеңейткені, төлдердің қалай аталатынын білгені жөн. Өйткені, әдебиет қана баланы қиялдауға, қоршаған ортаға мейрімділікпен қарап, армандауға үйретеді.


Аида АЙТБАЕВА,
Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!