Ыбырай атамыздың «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» деген өлең жолдарын бұрын тек хат-хабар, телефон деп ұғынушы едік. Ұстаз бабаның көрегендігі мен әулиелігі сол, осыдан соншама алыс ғасыр бұрын бүгінгі әлеуметтік желілер арқылы жететін хабарлардың жылдамдығын да бағамдаған екен ғой пайымдаймын өзімше. Енді бірер уақыттан соң бұдан да жылдам инновация өмірімізге дендеп енетініне және шүбәсіз сенем. Өйткені жаңа ғасыр ұрпағының жаңашылдыққа ұмтылысында шек жоқ сірә. Хош, осы бір көз іліспес жылдамдық смартфон арқылы бізге жақсыны да, жаманды да жеткізіп отыр. Оны сұрыптап, сындарлы ой елегінен адамның өзі ғана өткізбесе, сол сәттегі эмоция, буырқанған қызба сезім сізді тіпті жалған ақпараттың да жеткізушісі етуі әбден мүмкін.

Әлем жаңалығы алақанымызда тұрғанда мына басы Жаңақорған, ана басы Арал дегеніміздің айналасында не болып жатқанын біліп, оқып отыру деген бұйым болмай қалды ғой қазір. Соның ішінде кәсібіміз бір болғандықтан өзіміз де өтірік болса екен деп тілеген ақпараттың бірі instagram әлеуметтік желісі арқылы жеткен мұғалімдер мектепте сыра ішкен деген жанайқай желдей есті.

Мектеп дегенде мұғалім, оқушы, ата-ана деген үштік одақтың қарым қатынасы ғана сөз болу керек қой. Бұдан басқаның мәселе болып айтылуы бұл енді біздің құрдымға кетіп бара жатқанымызды ғана аңдатса керек. Сөз басында айтқандай, технология дамыған сайын адам ақылы тоқырауға кетіп бара жатыр. Әйтпесе мұндай сорақылықтың нысанына мектеп мұғалімі ілінетіндей не көрінді?! Жиырма жылдан астам жылап жүріп алған педагогтік мәртебеңнің құны осы болса, жыл сайын өсіп жатқан жалақың есіңді алып, есіртіп жіберетін болса, ел енді кімге сенеді?!

         Байырғыдан келе жатқан бір түсінік, мектеп дегеніміз – мешіттен кейінгі құтхана, қасиетті орда. Онда оқушылар білім алады, жақсыдан үйренеді, жаманнан жиренеді. Мектептегінің бәрі мінсіз болу керек. Әсіресе күні кеше табалдырығын аттаған көкірегі аппақ баланың көңілі қалмайтындай көркем мінез бен әдептіліктің, саф таза тәрбиенің нағыз ордасы болу керек. Педагог мәртебесінің аясында алдағы талап та осы үдеден табылу керек. Мұғалім мектептен тыс уақытта да өзінің мұғалім екенін ұмытпау керек. Әйтпесе шын жүректен шықпаған білім мен тәрбиенің бойға сіңуі де екіталай.

                                                                           Гүлнұр АБДУЛЛАЕВА,

                                                                           Жаңақорған ауданы,

                                                                           Қожакент  ауылы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!