Балқашта сегізінші сынып оқушысы мектеп ғимаратында террористер жүргенін айтып полицияға арызданған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Бүгін Балқаш қаласының полициясына белгісіз адам хабарласып, мектептердің бірінде террористердің жүргендігі туралы айтқан. Оқиға орнына полиция органдарының жедел-тергеу тобы мен өзге де жедел қызметтердің өкілдері жетті. Абырой болғанда, ақпарат расталмады”, – деді ІІМ экстремизмге қарсы күрес департаментінің бірінші басқарма бастығы Алмас Талқанбаев.

Тәртіп сақшылары мектептің сегізінші сынып оқушысын анықтады. Ол дене шынықтыру сабағында өзінің сыныптасының телефонын алып, ойын ретінде полицияға террористер туралы жалған ақпарат берген.

Оқушы ата-анасымен және мектеп қызметкерлерімен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін баланың заңды өкілдеріне әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Полицияның мәліметінше, мұндай шақыртуларға мемлекеттік бюджетке үлкен шығын келтіріледі, себебі барлық шұғыл қызметтердің мамандары жұмылдырылады.

“Бұл жағдайда ішкі істер органдары жалған шақырту салдарынан келтірілген шығынды өтеу бойынша сотқа арыз беретін болады”, – делінген хабарламада.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!