Ұстаз үшін шәкіртінің әр­бір жетістігі бір мерей. Тіп­ті мектепке алғаш келген бүл­діршіннің «Әліппені» қол­­ға ұстап, әріптерді жаз­бай тануы да мұғалім үшін үлкен жеңістің бірі. Себебі бастауыш сыныпта алған бі­лім бала ғұмырының сәулелі бағдаршамы іс­пет­ті. Осындай жауап­кер­ші­лікті бар болмысымен қа­был­дап, оқушыларды ба­ла­сындай көретін Бақыт Әлназарқызы әріптестеріне қа­шанда үлгі болып келеді.

Арал ауданындағы №83 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Бақыт Өтемұратованы өз ортасы жас әрі жаңашыл ұстаз деп таниды. Бұл – Бақыттың үнемі ізденіс үстінде жүретін жан-жақты қасиетіне берілген баға. Тіпті ол жайында әріптесі Фарида Әбілова келесідей пікір білдірді:          

‒ Бақыт оқушыларға  дәріс  беріп қана қоймай, шәкірттерін  адамгершілікке, мейірімділік пен имандылыққа  тәрбиелеуді парыз деп санайды. Өйткені мектеп партасында тарыдай боп отырған  бала  елдің ертеңгі болашағы екенін біледі. «Мұғалім ‒ бала жанының бағбаны» деген ұлағатты сөзді биік ұстаған ұстаз әр баланың жан дүниесін  ұғынып, қиялы мен қабілетін дөп баса біледі.

Ал Бақыттың өзі «ұстаз болу табандылық пен төзімділікті талап етеді. Қазір оқушыларымды көрмесем  сағынатын деңгейге  жеттім. Бір сөзбен айтқанда, балалармен бірге жұмыс істеу өмірімнің бір бөлшегіне айналды» дейді. Ұқыптылық пен тазалықты жанына серік еткен Бақыт білімі мен тәжірибесін, бар уақытын оқушыларына арнағанды дұрыс көреді. Әрі баланың санасында адамгершілік қасиеттерді, Отанға  деген  рухани сүйіспеншілікті арттыратын мәліметтерді жиі айтып отыруға тырысады. Ол әр сабағын, іс-шараларды үлкен ізденіспен, қазіргі  заманға сай технологияларды пайдалана отырып, бала жүрегіне жол табатындай етіп өткізеді. Әр істі тыңғылықты  атқаратын ол ата-аналармен де тығыз жұмыс істейді.  Содан болар оның шәкірттері тілді, әдет-ғұрыпты қадірлеуді басты ұстаным етіп, білімді бойына сіңіріп келеді.

 Жақында ғана республикалық  «Үздік мұғалім еңбегі» атты жарыста өзінің жан-жақты тақырыпты қамтитын сабағымен көзге түсіп, «Өрлеу» ұйымының төс белгісіне ие болған Бақыттың алға қойған мақсаты көп. Бүгін ол тағы да үлкен үмітпен, оқушыларға деген риясыз махаббатпен мектепке кетіп барады…

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА