Елімізде үздік мұғалімдердің жалақысына 250 пайыз мөлшерінде ынталандыру төлемдерін қоса отырып, қолдауға арналған арнайы бағдарламаға құжат қабылдау жүріп жатыр.

Басты талап — іріктелген ұстаздар кадр тапшылығы бар өңірлерге жұмыс істеуге, тәжірибесін бөлісіп, білімін көтеруге үлес қосуы тиіс, деп хабарлайды Экспресс К.

Мұғалімдерге арналған арнайы бағдарламаға құжат қабылдау жалғасып жатқанын Оқу-ағарту министрлігі хабарлады. Мұндағы мақсат — кадр тапшылығы бар немесе білім сапасы төмен өңірлерге үздік мұғалімдерді тарту. Сол арқылы елдегі мектептердің білім деңгейін көтеру.

Мұндай мәселе Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облыстарында байқалады. Бұл өңірлерде математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдері тапшы,

— делінген министрлік ақпаратында.

Арнайы бағдарлама аясында ниет білдіріп, конкурстан өткен мұғалімдерге керемет қолдаулар қарастырылған. Яғни:

  • Лауазымдық жалақыға 250 пайыз мөлшерінде ынталандыру төлемдері қосылады. Ол қаржыға жалдамалы тұрғын үй мен коммуналдық төлемдерді өтеу кіреді. Әрі қоныс аударған педагогтың балаларына балабақша мен орта мектептен орын беріледі. Конкурстан өткен мұғалімдермен 5 жылға еңбек шарты жасалады.

Байқауға қатысу үшін өтінішті облыстың білім басқармасына беруге болады. Конкурсқа тиiстi бейiндер бойынша жоғары педагогикалық, жоғары кәсiптiк бiлiмi бар «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» бiлiктiлiк санаттары бар мұғалімдер, сондай-ақ оқу үлгерiмi жақсы жоғары оқу орындарының педагогика мамандықтарының түлектерi қатыса алады.

Конкурс екі кезеңнен тұрады: компьютерлік тестілеу және эссе жазу, сонымен қатар әңгімелесу. Тестілеу мен эссе жазу үміткердің таңдауы бойынша компьютер форматында қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде өтеді. Ол еліміздің 17 аймағындағы НЗМ базасында жүзеге асырылады. Негізгі пән бойынша тест 25 тапсырмадан тұрады, ал эссе көлемі 350 сөз.

Ақпаратқа сүйенсек, қазірдің өзінде 800-ден аса ұстаз өтініш беріп үлгерген. Арнайы бағдарламаға қатысу үшін құжаттар 2022 жылдың 21 шілдесіне дейін қабылданады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!