Оқу-ағарту министрі Жетісу облысының педагогтерімен кездесті. Бүгін Ғани Бейсембаев Панфилов ауданының педагогикалық құрамымен кездесті. Мұндай кездесулер Жетісу облысының Қаратал, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарында да жалғасатынын айта кету керек. Министр педагогтер тарапынан болған барлық ұсыныстарды тыңдады және олармен сұқбат барысында тиісті ведомствоның бірінші кезектегі міндеттерін атап өтті. Бұл туралы QAZBILIM ақпараттық агенттігі Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгінгі таңда білім сапасын арттыру, аттестация жүйесін және педагогтерді ынталандыру тәсілдерін жетілдіру ең өзекті мәселенің бірі болып отыр.

«Мемлекет педагог мәртебесін көтеру мақсатында бірқатар шараларды қолға алуда. Оның ішінде мұғалімдердің жалақысын көтеру – жүзеге асырылған басты қадамдардың бірі. Министрлік бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береді. Мұғалімдерді аттестациялау жүйесін жетілдіру бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп, портфолио қалыптастыру барысы қайта қаралуда. Келешекте мұғалімнің жетістігі оның әрбір оқушысының жетістігімен бағаланатын болады. Атап айтамын, еліміздің жетекші педагогтері — педагог-шеберлер мен педагог-зерттеушілер білім саласының барлық мамандары үшін үлгі болуы керек», — деп атап өтті еліміздің бас педагогі.

Жетісу облысында барлығы 15 мыңнан астам педагог еңбек етеді, оның ішінде 2309 педагог-зерттеуші, 63 педагог-шебер бар.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!