Биыл Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті өзінің 85-ші оқу жылына қадам басып отыр. Сапалы білімнің мемлекет пен қоғам үшін басты құндылық, ең қымбат қазына екендігі сөзсіз. Білікті мамандарды даярлауда ұстаздардың еңбегі зор.

Осы орайда, жаңа оқу жылында университеттің бірқатар оқытушы-профессорлары марапат төрінен орын алды.

«Бүгін білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін университеттің 6 оқытушы-профессоры Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды. Соныменмен қатар, 1 қыркүйек «Білім күні» аясында университеттің стратегиялық дамуына қосқан үлесі үшін 8 оқытушы-профессордың еңбегі еленді. Осы орайда, марапат иелерін құттықтай отырып, жаңа оқу жылында шығармашылық табыс тілеймін!»,-деді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Б.Кәрімова.

Мереке қарсаңында табысталған бұл марапаттар оқытушылардың қажырлы еңбегінің жемісі.

Қыдыр Өткелбаев, Тарих және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының аға оқытушысы:

«Бүгінгі марапат – білім саласындағы бағындырылған үлкен белестің бірі деп білемін. Ұрпақ тәрбиесі, ұлт сапасы ұстазға байланысты. Сондықтан, әрбір оқытушының қызметі осылай ескеріліп жатса, мерейінің артқаны. Білім жолындағы еңбегімізді елеп, құрмет көрсетіп жатқан ұжымға алғысым шексіз. Біз оқытушы ретінде білім алушы алдында өз кәсіби міндетімізді адал атқаруды жалғастыра береміз».

Айта кетейік, университет биылғы оқу жылын дәстүрлі форматта бастады. Оқу ғимараттары мен студенттер үйінде санитарлық талаптар қатаң сақталуда. Биылғы контингент бойынша университетте 8 мың білім алушы бар.