Білім саласының майталман мұғалімдерін анықтауды мақсат еткен «Үздік педагог» байқаудың облыстық сынына өңірден 40 ұстаз қатысқан болатын. Олардың ішінен үздік деп танылған он адам республикалық сайысқа жолдама алған. Аталған білім бәсекесінде Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші, «Ы.Алтынсарин», «Ерен еңбегі» белгілерінің иегері Тұрымтаева Гүлбану Қазиханқызы үздіктер қатарында болып, жылдың «Үздік педагогы» атанды.

«Үздік педагог» атағын беру жөніндегі Республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша «2021 жылдың үздік педагогі» атағының иегерлерін бүгін Қостанай қаласында өткізілген салтанатты жиында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов марапаттады.

Жеңіспен оралған жерлесіміз Гүлбану Қазиханқызы жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін Білім және ғылым министрінің, облыс, аудан әкімінің «Құрмет грамоталарының» иегері. Тәжірибесі Чехия мемлекетінің Прага қаласында шығарылатын «Еуропа ғылымдары журналында» таратылған. Білікті ұстаздың оқушылары жыл сайын өтетін облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындар алып келеді.