Орта білімді дамыту үшін латын графикасын енгізе отырып, 2023 жылдан бастап 12 жылдық оқытуға кезең-кезеңмен көшу көзделіп отыр

Қазақстан мектептері латын әліпбиін енгізе отырып, 2023 жылдан бастап кезең-кезеңмен 12 жылдық білім беруге көшеді. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

«Орта білімді дамыту үшін латын графикасын енгізе отырып, 2023 жылдан бастап 12 жылдық оқытуға кезең-кезеңмен көшу көзделіп отыр. Ол үшін біз өте ауқымды жұмыс атқаруымыз керек», – деді Аймағамбетов министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Айтуынша, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу бағдарламалары жаңартылады.

Президенттің тапсырмасымен математика, тілдер және информатика пәндеріне басымдық беріледі. Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы бойынша бірыңғай оқулықтар әзірленеді.

Сондай-ақ, министр оқулықтардың сапасы қоғам тарапынан үнемі сынға ұшырайтынын атап өтті.  Сол себепті оқулықтарды сараптау және іріктеу рәсіміне, сарапшылардың біліктілік деңгейіне қойылатын талаптар қатаңдатылады.

Бұған қоса, оқулықтарды сапалы әзірлеу үшін олардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптар бекітіледі. Аймағамбетов тиісті заңнамаға қажетті өзгерістер енгізілгенін айтты.

sputnik.kz