Фото: Үкімет

Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университтердегі ақылы білімнің құны қалай реттелетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы оқу ақысы қазірдің өзінде арзан емес. Ұлттық университеттерде баға шарықтап тұр. Жаңа оқу жылында ақылы оқу құны тағы қымбаттауы мүмкін бе? – деп сұрады БАҚ өкілдері.

Негізгі мәселе – оқу сапасын көтеру. Біз келесі жылдан бастап берілген мемлекеттік гранттардың сомасын ұлғайтымыз. Ұлттық университеттерде биыл жылына 1,2 млн теңге болса, жалпы мемлекеттік, өңірлік университеттерде 900 мың теңгенің маңайында. Бұл – мемлекеттік гранттың құны. Бұл ақша жеткіліксіз. Былай есептеп көрсек, 2 мың доллардың шамасында, яғни, бір баланы бір жыл жоғары білім жүйесінде оқыту үшін біз 2 мың доллардан жұмсаймыз. Білім сапасы сол – 2 мың доллардың сапасы. Сондықтан қазір гранттардың құнын ұлғайтамыз, бірақ ақылы түскен балаларға қолдау ретінде оны реттеп отырмыз, – деді министр Саясат Нұрбек.

Жоғары білім министрлігінің басшысы биыл қосымша 4 құрал енгізілетінін жеткізді.

Біріншіден, ақпан айынан «Ұлттық қор – балаларға» деген құрал басталды. Әр балаға осы жылдан бастап арнайы шоттар ашылды, ұлттық қордан түскен пайда сол шоттарға жинақталады. Екіншісі – «Келешек» жинақтаушы жүйе. Оны осы жылдың соңында бастаймыз. Үшіншісі – жеңілдетілген несиелер, оны да осы жылдың соңына дейін жоба ретінде бастаймыз. Төртіншісі – сараланған грант жүйесі. Енді жоғары балл алған, бірақ өзінің таңдаған мамандығына түсе алмағандарға 50%-75%-ға дейін сараланған гранттар береміз. Ақылы оқу құнын реттеп, ұстап тұрамыз. Тек қана университеттерге инфляцияның индексациясына рұқсат береміз, – деп түсіндірді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!