Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қазақстанның әр өңірінде республикалық пәндік олимпиаданың қорытынды кезеңі басталды. Білім сынағы 25-30 сәуір аралығында өтеді.

26-27 сәуірде олимпиаданың I және II кезеңдері ұйымдастырылады. Ал, апелляция 29 сәуірге жоспарланған. Олимпиаданың жабылу салтанаты 30 сәуірде онлайн режимде өтеді.

Елдегі індеттің өршуіне байланысты республикалық олимпиада «USTUDY» тестілеу орталығы базасында «Бір қатысушы, бір компьютер, бір камера» форматы бойынша жүргізілуде. Қатысушыларды отырғызу кезінде пәндерді мен сыныптарды «араластыру» әдісі қолданылады. Орталықта барлық санитарлық талаптар сақталған.

Білім сынағына 58 оқушы қатысуда. Олимпиада онлайн режимінде көрсетіледі, бейнебақылаудың сілтемелері «Дарын» РҒПО сайтында қолжетімді болады.

Олимпиада барысында ашықтықты қамтамасыз ету үшін барлық өңірлерде «Дарын» республикалық орталығының жауапты қызметкерлері қатысуда.

Сынақ тапсырмалары «Дарын» РҒПО интернет ресурсы арқылы әр кезеңнің басында бір уақытта ұсынылады және сол тапсырмаларға әрбір қатысушыға жеке қол жеткізу коды беріледі.
Республикалық олимпиадада жеңімпаз атанған оқушылар ел намысын халықаралық олимпиадаларда қорғайтын болады.

Айта кетейік, олимпиаданың облыстық кезеңіне барлығы 292 оқушы қатысты.