Kyzylorda-news.kz. Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша зерттеу жобаларының ХІ халықаралық конкурсында Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Бекжан Бектұрған жүлделі екінші орынды иеленді.

Аталмыш додада сырбойылық зияткер Франция, Индонезия, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан елдерінің дарынды жас зерттеушілерімен бақ сынасты. Ол ақпараттың көлемін кішірейту және аз көлемді қамтитын сурет алуда векторлық кескін пайдалануды ұсынады. Жас математиктың таныстырған «Безье қисығы арқылы оптимальді векторлық кескін алу әдісі» байқауда қазылық еткен ғалымдардың жоғары бағасына ие болды.

«Осы моделдің арқасында интернеттен сурет іздеу мүмкіндігі жеңілдей түседі. Тіпті интернеттен сурет көшіруге тосқауыл қоюды, яғни плагиатқа жол бермеуді ұйымдастыруға болады», ‒ дейді оқушы.

Бекжан Бектұрған бұл жұмыспен 1 жылдан бері айналысып келеді. Мәселені зерттеуде ұстазы Мұхтар Бегайдаровтың берген бағыт-бағдары мен қолдауы зор.

Алдағы уақытта жас зерттеуші python (питон) тілінде математикалық анимациялардың моделін зерттеп, компьютерлік математика саласына өз үлесін қосқысы келеді.