Kyzylorda-news.kz. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен ата-аналары аймақтағы ҰОС ардагерлерінің үйіне барып, мерекелік сый-сияпат көрсетті.

Бүгінде Қызылорда облысында көзі тірі небәрі 11 Ұлы Отан соғысының ардагерлері қалды. Жеңіс батырларына құрмет көрсету және көрсеткен ерліктері үшін шынайы алғысын білдіруді мақсат тұтқан мектеп ұжымы дәстүр бойынша жеңіс батырларымен жүздесті. Ақсақалдар келген қонақтарға қуанғандарын жасырмады.

Кездесу барысында оқушылар отты жылдар тарихы туралы тың ақпарат алып, ардагерлердің ақ батасын алды.

«Ер есімі – ел есінде» демекші, ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Қиын күндерде даңқты ерліктің үлгісін көрсетіп, бізге бейбіт аспан астында өмір сыйлаған батырларымызға бас иіп, шынайы алғысымызды білдіреміз», – деп құттықтауын жеткізді 8-сынып оқушысы Айя Сердалы.

Отты жылдардың бел ортасында болып, соғысты басынан өткерген тарихи адамдармен жүздесу бақытына ие болған қызылордалық зияткерлер Жеңіс батырларының есімдері жастардың мәңгілік есінде сақталып, олардың жасаған ерліктері ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыратынын жеткізді.