Студенттік кезең – өмірдің жаңа сатысы. Қызығы мен қиындығын қатар тосатын бұл шақ жастардың болашағына айқын бағдар береді. Сондықтан адам өміріндегі осы кезең сағынғанмен қайта келмейтін ең аяулы сәттер саналады. Осы аптада Студенттер күніне орай қаладағы жоғары оқу орындарының білім алушыларымен тілдесіп, бірнеше сауал қойған едік. Осылайша әдемі кезеңнің бір үзік картинасын оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Бізден сауал:

  1. Студенттік сәттер сізге қандай мүмкіндіктер (шетелде білім алу, достар табу, тіл үйрену немесе ғылыммен айналысу, жаңа нәрсені үйрену, т.б) сыйлады?
  2. Осы кезеңде есіңізде қалған ерекше қызықты немесе өзгелер де ой түйетін оқиғамен бөліссеңіз…

Гүлназ ОҢҒАР, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3-курс студенті:


1.Студенттік шақ өмірімдегі ең қызықты әрі маңызды сәттердің біріне айналды. Ең алдымен университет қабырғасында жүріп жаңа орта, керемет достар таптым. Бұл − үлкен жетістік. Бүгінде «химия-биология» мамандығы бойынша білім алудамын. Студенттік шағымның үш жылын білім, ғылым және шығармашылыққа арнап үлгерудемін. Түске дейін университеттегі сабағыма қатыссам, түстен кейін ғылым бағытында ізденіп, ағылшын тілін үйренемін. Университетке қабылданғаннан бері өнер жарыстарына жиі қатысып, біліммен қатар шығармашылық қабілетімді де дамытуға тырысамын. Осыған дейін ғылыми жетекшім, химия ғылымдарының кандидаты Гүлжан Балықбаевамен бірге қойдың құйрық майынан жақпа май дайындау мақсатында зерттеу жасадық. Сондай-ақ, «Жасыл химия» клубындағы студенттермен бірге осы өңірде өсірілетін өсімдіктерден құрамы таза, табиғи сабын дайындап шығардық. Қазір адамдардың көпшілігі бүйрек ауруына жиі шалдығады. Сондықтан жантақтан бүйрекке пайдалы сусын да әзірледік. Студенттік өмір осындай ғылыми жетістіктерге жетуіме жол ашты.

  1. Менде мектеп бітірген уақытта “үздіктер синдромы” болды. Сол үшін университеттегі алғашқы курста бір пәннен 85 деген баға алғаныма жылайтын кезім де болды. Кейін баға үшін емес, жақсы дүниелерді өмірге азық қылайын деген мақсатта оқу керегін түсіндім. Ал қазір үздік оқудың арқасында Президенттік шәкіратқы иегері атандым.

Мерей БАЙШОҚЫҚЫЗЫ, “Болашақ”жоғары колледжінің 4-курс студенті:


− Студент атанған төрт жылымда көптеген жаңа дүниелерді тануға ұмытылып, оқу орнындағы жүйеге үйреністім. Ең алғаш 1-курсқа қабылданған уақытта қатты қобалжыдым. Себебі санамда «жанымдағылардың бәрі жат адам, қалай болады, қалай барамын?» деген сауалдар тұрды. Тіпті студенттік өмірдің алғашқы аптасында «бәрімен танысып, жақсы араласуым керек, өзім оқитын саланы кеңірек білуім қажет» деген ой мазалады. Колледжге алғаш аяқ басқан сәтте ән айтуға деген қызығушылым болды. Түрлі іс-шараларға қатысып, өнер көрсете бастадым, бірақ шығармашылық ізденісім көп ұзамай тоқтап қалды. Себебі сол тұста әлемді алаңдатқан пандемия басталған еді. Онлайн білім алудан кейін ойым мүлдем басқаша бағытта өзгерді. Өнерге қарағанда сабағыма жіті мән беруді ойладым. Әрі осындай жастық сәттерді жаныңдағы достарыңмен бірге өткізу қызығырақ көрінді. Студенттік өмірдің бізге берген ең үлкен мүмкіндігі деп қасыңдағы адал достарыңмен өткізген уақыттарды айтар едім. Себебі студенттік өмір жайлы бірнеше жылдар өткен соң ой қозғағанда жарқын естеліктердің көп болғанын қалаймын. Студенттік уақыт − қайта берілмейтін ең қызық кезең.

  1. Менің де өзге студенттер секілді жұмыс істеп, өз еңбегіммен жалақы алған күндерім болды. Студенттік кезде сабақпен жұмысты қатар алып жүріп, анамның жұмыстан шаршап қайтатын сәттегі күйін түсіндім. Өйткені «жұмыс істеймін» деген жауапкершілік адамға кейде қызық көрінгенімен, қиындығы қатар жүреді.

Бекзатхан МАХАНБЕТ, М.Мәметова атындағы Қызылорда жоғары колледжінің студенті:

  1. Студент болу – үлкен өмірдің есігін қағу. Бір қызығы, құлыптың кілті – өзіміздің қолымызда. Тек оны дұрыс таңдау қажет. Студент болған сәттен белсенділер мен волонтерлардың қатарынан табылу маған үлкен мүмкіндік сыйлады. Себебі, осы жолда жүру арқылы өзімнің кемшіліктерім мен бойымдағы әлсіздіктерімді жеңе отырып, көшбасшы әрі идеясы мол жас қатарынан табылдым.
    Студент болу арқылы мен жаңа орта, жаңа достар тауып, белгілі бір жетістіктерге жеттім. Мысалы, «Елбасы медалі» жобасына осы студенттік өмірдің арқасында қатысып, бір емес екі деңгейді бағындырып, үшінші деңгейге аяқ бастым. Осы жоба арқылы көшбасшылық, дағды мен дарынымды да таныттым. Сонымен қатар өзімнің ақындық, поэзияға жақын шығармашыл жас екенімді де аңғардым. Өзіме жаңа хоббилер («Жайдарман» сахнасы, актерлық, волонтерлық) қалыптастыра алдым. Студенттік шақтың берері мен қызығы мол болды.
  2. Мен үшін ерекше қызықты болған оқиға колледжіміздің 90 жылдығы мен қазақтың қайсар қызы М.Мәметованың 100 жылдық мерейтойын атап өту болды. Себебі, барлық студенттер мен мұғалімдер мойнында ауыр жүк, үлкен жауапкершілік тұрды. Ол сәтке дайындалудың өзі бір қызыққа толы естен кетпес сәттер еді. Барлық театр мүшелері, белсенді студенттер, колледж белсенділері мен мұғалімдер тынымсыз еңбек атқарды. Тіпті, колледж жатақханасында үздіксіз репетиция жасап, өзге облыс, қалалардан келетін қонақтардың көңілін табу үшін барлығын жасадық. Мінсіз және қате-кемшіліксіз алып шығу барлығының негізгі мақсаты болды. Бұл ретте мен үшін студенттік шақтың ең басты қиындығы жауапкершілік дер едім. Тек қана өзіңнің емес, қоғам алдындағы жауапкершілік. Себебі, студенттік шақ сенің ойнап-күліп, еркелікпен өткізетін шағың емес, өзіңнің ортаңа, еліңе пайдаңды тигізетін уақыт. Сен бұрынғыдай жай ғана сабақ емес, болашақ мамандығыңды, болашақ бір істің маманы болатын жауапкершілікті мойныңа жүктейсің. Мұғалім болып, білім бересің, дәрігер болып, халық саулығы үшін еңбектенесің, журналист болып, тұтас қоғам алдында ақпарат таратасың деген сияқты. Сондықтан студенттік шақтың ең басты қиындығы жауапкершілігінде деп есептеймін!

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!