Фото: ЖИ арқылы жасалған
Кейінгі кездері жасанды интеллектіні қолдану адамзат өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Оның мүмкіндіктері медицина, білім беру, технология салаларында кеңінен көрініс тауып жүр.
Алайда біз үшін көмекшіге айналған құралдың күнделікті қолданылуы туралы пікірталастар сейілер емес. Бірі оны көмекші десе, екіншісі адамның ойын шектейтін қару санайды. Ал шын мәнінде жасанды интеллект мидың шешім қабылдау қабілетін бәсеңдететін қауіп пе, әлде идеяны өрбітіп, жаңа бастамаларға жол ашатын құрал ма? Бірге саралап көрейік.
ЖИ – таңдау емес , заман талабы. Бұл тек қана Қазақстан емес, басқа елдердің де басты мақсатына айналғанын ұмытпауымыз керек. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Шымкентте өткен «Digital Qazaqstan» форумында «Бүгінде технологиялық көшбасшылық инфрақұрылымға немесе инвестицияға ғана байланысты емес. Ең бастысы – адамдардың дамуына жағдай жасау және мықты технологиялық шешімдер жасау», – деп айтқан еді. Мұндағы басты мақсат ретінде жасанды интеллект арқылы заңдағы қайшылықты, қайталау не ескі нормаларды анықтайтын құралдар әзірлеу және ауыл шаруашылығын цифрландыру, ЖИ-скоринг, яғни автоматты бағалау жүйесін енгізу деп бекітілген еді. Ойлаңызшы, енді бұл құрал біздің күнделікті жұмысты жеңілдете алады.
Кіріспеде атап өткеніміздей, жасанды интеллект мүмкіндіктері білім беру саласында да үлкен қолданысқа ие. Былтыр оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев 2025-2029 жылдарға арналған орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің тұжырымдамалық негіздерін бекіту туралы бірлескен бұйрыққа қол қоюы – бұған дәлел.
Қазірде ұстаздар әлеуметтік желіде көмекші құрал арқылы тақырыпты оқушыларға тиімді жеткізу туралы жиі айтып жатады. Бірақ оқытушылар оған сай кері байланыс ала ма? Міне, нағыз мәселе. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Оқу-ағарту министрлігі 2025 жылдың қыркүйегінен бастап мектептерге жасанды интеллектті енгізетінін жариялаған кезде Асхат Аймағамбетов «Қойылып жүрген сұрақтарға қарасақ, көпшілік бұл жаңалықты «балаларды ChatGPTді ғана қолдануға үйретеді» деп ойлаған. Ал шын мәнінде, олай емес. Өйткені біздің балалар ЖИ құралдарын қазірдің өзінде кеңінен қолданып жүр: ChatGPT, DeepSeek арқылы үй тапсырмасын орындайды, шығарма жазады, презентация жасайды» деген пікір білдірген еді. Депутат мәселе балалардың бұл құралдарды қалай дұрыс, сауатты, этикалық, жауапты және тиімді қолдана алмайтынында екенін атап өткен еді. Жалпы, біз жасанды интеллект туралы айтқанда, әлдеқайда кең ойлауымыз қажет. Оқу сауаттылығы мен сыни ойлауды дамыту ЖИ арқылы өрбіп, әрі қарай жол сілтеуі керек. Ал бізде бұл мәселе күрделі. Балалар оны үй жұмысын орындаудағы көмекші емес, дайын жұмыс ретінде қарастырады. Қысқа промпт жазу арқылы біз алға қойған материалды еш өзгеріссіз тапсырамыз. Мұны өзіндік жұмыс деп атауға келмес. Сананың құлдырауы, сыни ойлау қабілетінің тежеуі де кейде осындай жалқаулық әсерінен болып жатады. Бұл ЖИ-ді қолдануға болмайды деген сөз емес.
Кейінгі кездері ұстаздар ол арқылы оқушыларды қызықтырып, түрлі видео, жазба материалдарын қолданады. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «алгоритмдер шәкірттерге жеке тапсырмалар мен дайындық тесттерін әзірлеп, жауаптарды тексеріп, олармен жылдам кері байланыс орната алады. Мұндай технологиялық шешім мұғалімдердің жұмысын едәуір жеңілдетіп, ұстаздық қызметімен айналысуына мүмкіндік береді. Бірақ бір нәрсе әрдайым есте болуға тиіс: мұғалімнің жанашырлығын және ақыл-парасатын ешбір технология алмастыра алмайды» деп атап өткен еді. Яғни студенттер мен оқушылар оны тек көмекші ретінде қарастыруы керек. Жасанды интеллект ұстаздың рөлін атқара алмайды.
Расында, жасанды интеллекті туралы айтқанда жақында Саясат Нұрбектің «Біз бір жыл ішінде ғылыми білім беру саласындағы құжаттар мен ережелерге бірқатар өзгеріс енгіздік. Соған сәйкес, жасанды интеллект алгоритмдерін қолдануға рұқсат берілді, алайда бұл үдеріс қатаң шектеулермен реттеледі. Атап айтқанда, кез келген студенттік, ғылыми немесе диссертация жұмысында жасанды интеллект қолданылған жағдайда, оның қай бөлімде және қандай мақсатта пайдаланылғаны міндетті түрде көрсетілуге тиіс. Сондай-ақ қолданылған құралдың атауы мен алынған ақпараттың қайнар көзі нақты белгіленуі қажет. Яғни автор өз жұмысында жасанды интеллектіні қолданғанын ашық көрсетуге міндетті. Сонымен қатар ғылыми жұмыстың қорытынды бөлімінде ЖИ алгоритмдерін қолдануға тыйым салынады. Себебі қорытынды – автордың жеке ғылыми тұжырымы мен дербес ойының нәтижесі болуға тиіс. Бұл талаптар барлық деңгейдегі жұмыстарға қатысты. Студенттік тапсырмаларға, ғылыми зерттеулерге және диссертациялық еңбектерге бірдей қолданылады» деген тұжырымдамасын естен шығара алмаймыз. Диплом қорғау – өте маңызды қадам. Ал мемлекеттік органдардың мұндай шешім қабылдауы жастарға деген сенім деп қабылдауға тұрарлық.
Тақырыпқа тұздық
Жасанды интеллект туралы айтар сөз көп. Оның пайдалы да, қиындық туындыратын тұстары да көп. Ол туралы айтып қоя салуға болады. Бірақ бір тұсын көзбен көрген дұрыс. Gizmodo ақпараттық агенттігінің хабарламасында Жасанды интеллект жылына 26-48 миллион тонна экватилент көмірқышқыл газын өндіре алатыны туралы жазылған. Ол 2024 пен 2030 жыл аралығында 5-10 миллион жаңа автокөлікті өндірістен шығарып, қолданысқа енгізгенмен бірдей.
Америкалық зерттеушілер ЖИ бір жылда 193-297 миллиард галлон суды қолданатыны туралы тұжырым жасаған. Бұл шамамен 6-10 миллион адамның жылдық су тұтыну көрсеткішімен бірдей.
БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының бас цифрлық қызметкері Голестан Радванның айтуынша, жасанды интеллекттің қоршаған ортаға тигізетін әсері туралы біз білмейтін мағлұмат көп, бірақ олардың кейбірін естігенде алаңдап та қаласың.
Бұл біздің жасанды интеллектіні оңды-солды қолдануымызға тосқауыл болуы керек.
Технология қаншалықты ақылды болса да, оған бағыт беретін, оның этикалық шеңберін сызатын және ең бастысы – оған жан беретін адамның парасаты болып қала бермек. Ол біздің орнымызды басатын бәсекелес емес, мүмкіндіктерімізді еселейтін құрал. Оны сауатты қолдану – цифрлық дәуірдегі әрбір азаматтың басты дағдысы болуы тиіс. Сонымен қатар атап өткеніміздей, сіз жазған кішкентай промпт үлкен экологиялық мәселеге әкелуі мүмкін. Сондықтан жасанды интеллектіні пайдаланбас бұрын өзіңізге сауал қойыңыз. Сіздің іздегелі тұрған сұрақ шынымен оның зардаптарынан асып, бізге тың идеяны не адамзат үшін пайдалы ақпарат, жаңа жобаны іске асыру үшін керек құрал ма? Әлде жай уақытша дофамин қалыптастыру тәсілі ме?
Мейір НИЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!