Атырау, Маңғыстау, Алматы, Түркістан облыстарында педагог тапшылығы бар. Сондықтан, аталған аймақтарда жаңа жоба іске қосылады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр биыл білім саласында жаңа жоба жүзеге асатындығын мәлім етті. Республика көлемінде білікті, білімді педагогтер іріктеліп, мұғалім тапшылығы бар аймақтарға жіберіледі. «Жоба алғашқыда Атырау, Маңғыстау, Алматы, Түркістан облыстарында өтетін болады. Себебі, білім беру сапасын көтеруіміз керек», – деді Асхат Аймағамбетов. Сондай-ақ, министр биылдан бастап мұғалімдерді жұмысқа қабылдау жаңа ережеге сай жүзеге асатындығын жеткізді және мектеп директорларын ротациялау ісі алдағы уақытта жалғасатындығын айтып өтті. «Енді мұғалімдерді жұмысқа қабылдауды директорлар шешпейді.

Бұл жұмыс үміткерлердің нақты жинаған балдары бойынша, конкурс арқылы, сандық жүйемен іске асады. Республика бойынша 500-ге жуық директор ротациялаудан өтті. Менің ойымша өте қажетті шара. Заңға сәйкес ротация институтын жалғастырамыз», – деді ол. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Түркістан облысын аралап жүр.