«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының Жалағаш аудандық кезеңі асталды. Жалағаш кентіндегі аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығында өтіп жатқан байқауда аудан мектептері бойынша 60 оқушы «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан жарысып, бақ сынауда.

Байқауды «Qazaq Epos» қоғамдық қоры «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы, облыстық білім басқармасы және «Дарын» қосымша білім беру орталығымен бірлесе отырып ұйымдастыруда.

Байқаудың ашылу салтанатында Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет сөз сөйледі.
– Жырды жаттау шыдамдылықты, сабырлылық пен жауапкершілікті қажет етеді. Ел болашағы – жастар. Тұлпар мініп, ту ұстап, ел қорғаны болатын ерлер – сіздер! Ерлік тек майданда жасалмайды, ел еңсесін көтеріп, береке мен бірлік туын көтерген бейбіт күннің ерлері де құрметке лайық. Бұл жоба сіздердің қаншалықты өз елінің патриоты екендеріңіз, отанға деген сүйіспеншіліктеріңіз көрінетін жоба. Себебі осы жобаға қатысу батырлық пен ерлікті, үлкен еңбекті талап етеді. Еңбексіз, ерліксіз жеңіске жету мүмкін емес, – деді Ж.Еспенбет.

Сондай-ақ, «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Айжан Қиянбекова талапкерлерге сәттілік тіледі.

– Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесе отырып «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялаған болатын. Байқау өңірімізде де жоғары деңгейде өткізіліп жатыр. Облыста 25 қазаннан басталған байқаудың 713 оқушы, бүгінгі Жалағаш аудандық кезеңіне 60 оқушы қатысуда. Барлығыңызға сәттілік тілейміз, – деді ол.

Байқауға «Nur Otan» партиясы Жалағаш аудандық филиалының сектор меңгерушісі Ахан Кенжебаев, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Жазира Жүргенова, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Бибіәсия Дүйсенбиева, тарихшы Дархан Ілиясов, «Qazaq Epos» қоғамдық қорының өкілі Нұрсұлтан Қаражан қазылық етуде.

Аудан мектептері бойынша жырға жаны құмар оқушылар «Едіге батыр» жырын жатқа, мәнерлеп, нақышына келтіре айтып шығуы тиіс. Сайыста оқушылардың жырды жатқа айтқа айту барысында кідірмей, мүдірмей оқуы, жырды толық жаттауы ескеріледі.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесе отырып «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялаған болатын.

Жобаның мақсаты – оқушылар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау, оқушыларды халық поэзиясына, асыл мұраға деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру.

Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан өтеді. Қатысушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс.

Байқауға облыс бойынша 662 мұғалім дайындаған 713 оқушы қатысуда.