Sputnik. Оқу-ағарту министрлігі жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға байланысты мектепте жаңа пәндерді енгізу жоспарын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бүгінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламалары жаңартылды. 1-4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәнінің атауы «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11-сыныптардағы «Информатика» пәнінің атауы «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгертілді.

«Бұл тек пән атауларының өзгеруі емес. Жасанды интеллект цифрлық технологиялар мен информатиканың ажырамас бөлігіне айналды. Осыған байланысты пәндердің мазмұнына жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер мен барлығы 43 оқу мақсаты енгізілді», – дейді министрлік мамандары.

Бүгінде оқушылар жасанды интеллект құралдарын күнделікті өмірде қолданып жүр. Ендігі міндет – оларды бұл технологияны жай ғана пайдалануға емес, саналы, тиімді және жауапты қолдануға үйрету.

Бастауыш сыныпта не өзгереді

1-4-сынып оқушылары «Медиасауаттылық және ЖИ» бөлімі бойынша жасанды интеллектімен күнделікті өмірден алынған қарапайым мысалдар арқылы танысады.Олар цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және цифрлық ортадағы жауапты мінез-құлық негіздерін меңгереді.

Киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық

5-9-сынып оқушылары «Компьютерлік ойлау және бағдарламалау», «Денсаулық, қауіпсіздік және ЖИ» бөлімдері аясында жасанды интеллект құралдарын оқу процесінде тиімді қолдануды, сауатты сұраныстар құрастыруды, алынған нәтижелерді сыни тұрғыдан бағалауды, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаттарын сақтауды үйренеді.

Жоғары сыныптар не істейді

10-11-сыныптарда «Деректерді басқару және жасанды интеллект» бөлімі аясында жасанды интеллектінің жұмыс істеу қағидаттарын түсінуге және оны практикада қолдануға басымдық беріледі.

Оқу мазмұнына машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері енгізілген.

Жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында апробациядан сәтті өтіп, оң сараптамалық қорытынды алды. Бүгінде педагогтер үшін білім беру процесінде жасанды интеллектіні тиімді және қауіпсіз қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!