Қазақстанда мемлекеттік мүлікті электрондық аукцион арқылы сатып алу тәртібі жеңілдетілді. Енді азаматтар аукцион басталғанға дейін небәрі 5 минут қалғанда да саудаға қатысуға өтінім бере алады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұған дейін өтінімдерді қабылдау аукцион басталуына екі сағат қалғанда тоқтатылатын. Сонымен қатар әрбір лот туралы ақпарат сауда өткізілгенге дейін кемінде 15 күн бұрын жарияланады. Осы уақыт ішінде азаматтар барлық құжатпен танысып, қатысу туралы шешім қабылдай алады.

Комитет мәліметінше, бүгінде мемлекеттік мүлікті өткізуге қатысты барлық қызмет бір электрондық алаңға біріктірілген. Өтінімдерді қабылдау, тіркеу, жеңімпазды анықтау және қорытындыны жариялау процестері толық автоматтандырылған.

«Сауда аяқталғанға дейін қатысушылар туралы мәлімет ешкімге, тіпті сатушыға да көрінбейді. Барлық үміткер үшін талап бірдей. Бұл адам ықпалын азайтып, ашық әрі әділ бәсекені қамтамасыз етеді», – деді Нұрмахан Әділбеков.

Сондай-ақ жүйеге жасанды интеллект элементтері кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Олар мәтінді редакциялау, қазақ және орыс тілдеріне аудару, азаматтардың сұранысына жауап беру қызметтерінде қолданылады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!