Әлемдік пандемияның салдарынан еліміздің білім беру жүйесі өткен жылы қашықтан оқытуға көшкені белгілі. Әрине, бұл алдымен ұстаздарға, одан кейін білім алушыларға оңайға түскен жоқ. Вирустың әсерінен туындаған жедел шешім білім саласының оқыту   технологиясы   толыққанды дайын болмағанын жасыруға мүмкіндік бермеді, яғни  за­ман талабына сай құрылғылар, ғаламтордың қолжетімділігі, компьютерлер сияқты барлық қа­жетті ресурстардың қамтылуы маңызды болды. Бастапқыда мұндай кемшіліктер мектепте айқын байқалды. Дегенмен пандемияның күшеюі ұстаздарды жаңа бағытта білім беруге жетеледі.  Нәтижесінде білім басқармасының арнайы Youtube арнасында педагогтардың 500-ден аса телесабақ топтамасы әзірленіп, қол­же­тімді ресурс қалыптасты. Онлайн оқыту мек­тептердің компьютерлік паркін жаңартуға да септігін тигізді. Осылайша компьютерлер паркін 100% жаңарту нәтижесінде бір оқушы санына шаққанда компьютерлер көрсеткіші 14-тен 5-ке дейін төмендеді. Мұғалімдердің ақпараттық технологияны меңгеруіне жол ашылды. Бұл – өткен жылдың еншісіндегі жаңашылдық. Биыл өңір білімінде өзгеріс болмақ. Мұны облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова дәстүрлі тамыз конференциясында мәлімдеді.

Қауіпсіздік – сапаның басты өлшемі

Санаулы күннен кейін жаңа оқу жылы басталады. Биыл оқушылар мен студенттер білім ордасынан тікелей дәріс алуға ниетті.  Бірақ дәстүрлі форматта оқуды бастайтын мектеп оқушылары мен мұғалімдердің қауіпсіздігі назардан тыс қалмайтыны анық. Аймаққа қарасты барлық білім беру ұйымдары ashyq қосымшасына қосылса, педагогтар 97% вакцина салдырған. Оқу жылының басталуына дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға  жететін көрінеді. 

Соңғы уақыттарда орын алған оқыс оқиғалар балалардың қауіпсіздігі мәселесіне түпкілікті деңгейде мән берілу қажеттігін айқындады. Халықаралық аккредитация жүйесімен қарасақ, қауіпсіздік – ең бірінші орында. Бұл ретте аймақтағы барлық мектептер жаңа оқу жылында  бейнебақылау жүйесімен 100% қамтылды. Өткен жылы 70 мектеп жедел басқару орталығына қосылса, биыл 35 мектеп ұлттық бейнемониторинг жүйесінің тікелей бақылауына енсе, жаңа оқу жылынан бастап 42 қала мектебіне турникеттер орнатылып, мамандандырылған күзетпен және дабыл түймелерімен қамтамасыз етілген.

Жалақыда өсім бар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет» деген бастамалы сөзі мұғалімдерге көрсетіліп келе жатқан құрметті еселей түсті. Осыдан бір жарым жыл бұрын «Білім туралы» заңның бір тармағы ғана болып келген «Педагог мәртебесі» деген ұғым мемлекеттік деңгейге көтеріліп, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаны белгілі. Осыған сәйкес, педагогтардың еңбек жағдайын жақсарту бойынша кезең-кезеңімен жалақы жоғарылауда. Биыл республикалық бюджеттен облыс ұстаздарының жалақысы 50% көтерілді.

Педагогтарды жұмысқа қабылдау жүйесі өзгереді

Мұғалім имиджін көтеру бағытында ашықтық жүйесінің педагог кадрларды даярлау ісінде тиімділігі байқалуда. Қыркүйек айынан бастап педагогтарды жұмысқа қабылдау жүйесі өзгереді. Осы кезге дейін мұғалімдерді жұмысқа қабылдау тәртібі мектеп директорының құзіретінде болса, енді тиісті критерийлерге сәйкес, біліктілік талаптары бойынша конкурс арқылы электронды форматта өткізіледі. “Бұл – педагогикаға кездейсоқ азаматтардың алынуына жол бермейді”, – деп сендірді Ақзира Қасымова.

Сонымен қатар биыл алғаш рет білім беру ұйымдарының директорларын ротациялау институты енгізіледі. Ротация (МИО) бірінші басшыларға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес жүргізіледі. Негізгі міндеті – білім беру ұйымы басшылары арасында бәсекелестікті күшейту.

Инклюзивті білім: ерекше балаларға ерекше қолдау

Ерекше оқуды қажет ететін балалар үшін инклюзивті білім беру –  қажетті қадамның бірі. Облыста инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында – 2020-2022 жылдарға арналған арнайы Жол картасы жасалып, 4 млрд теңге қаржы қаралған. Биыл 47 мектепке дейінгі мекемеде логопункт ашылып, логопед маманымен қамтылады. 2 мектепке дейінгі мекемеде аутизм диагнозындағы балаларды инклюзивті қолдау кабинеті жабдықталып, 47 логопед, 18 тьютер мамандары алынады.  Сонымен қатар 27 мектепте инклюзивті қолдау кабинеттерін, 4 ресурстық орталық, 2 аутизм диагнозындағы балаларды қолдау кабинетін жабдықтау, 48,5 штат бірлікте арнайы маман, 56 дефектолог, 18 тьютер алу жоспар еншісінде.

Студенттер үшін

жаңа жоба

Биылдан бастап  «Жас маман» жобасы қолға алынбақ. Жоба аясында 10 колледждің материалдық-техникалық базасы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге қаржы бөлінбек. Жоба аясында материалдық-техникалық базасы жаңарған 4 колледжде «Құзыреттілік» орталығы ашылып, жұмысын бастады. Сонымен қатар жұмысшы мамандардың еңбек тәжірибесін ұштауда Worldskills байқауының жұмысы күшеймек. Бүгінгі күні талдау көрсеткіштеріне қарай колледждерге Worldskills нәтижелерін жоғарылату қажет. Бұл ретте колледж басшыларына талап жоғарылайды.

Психологиялық

орталық көбейді

Өткен оқу жылында пандемия жағдайына байланысты оқушылар онлайн форматта үйден білім алды. Бұл балалардың психологиясына әсер етпей қоймасы анық. Осы жағдайға байланысты 8 арнайы психологиялық қолдау орталығы ашылды. Арнайы орталықтарда тек балаларға ғана емес, көмекке жүгінген ата-аналарға да қызмет көрсетіледі.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!