Қайдан оқығаным белгісіз, бірақ бал арасының 76 сезім мүшесі барын білгенде таң қалғанымды жасырмаймын. Шыны керек, бұлардың тіршілігінің кейбірі адамзаттың өмір сүру салтына келіңкірейді. Шағын тайпалардай әрі ұжымдаса еңбек қылады. Қызығы сол, аралардың әр тайпасының өз патшайымы, оның күтушісі мен күзетшісі болады. Тіпті, патшайымды тамақтандыратын аспаз аралар барын естігенде еріксіз күлгенмін.
Аралар әлемінің шексіз құпиясы туралы сәл кейінірек. Ал сол бал арасының бабын тапқандар біздің өңірде жетерлік. Бағуын келістіріп, табыс тауып отырған жігіттерді де білетінбіз. Соның бірі – сырдариялық Антон Кокшаров. Тереңөзек кентінде тұратын ол 2020 жылдан бері ара өсіріп, отбасылық бизнесін өркендетіп отыр. Анасы Гүльюзумнің айтуынша, оған әкесі Александр көп көмек көрсеткен.
– Кәсіппен айналысамын десең, тек ізденіс пен еңбек керек. Сондай-ақ үйренуден жалықпау қажет. Сонда ғана істің берекесі болады. Ұлымыз Антон колледж бітірген соң осы ара шаруашылығымен айналысуға бет бұрды. Бізбен ақылдасып, кеңес сұрады. Біз, әрине, қолдау білдірдік. Сөйтсек, ол оқу орнында жүріп, шәкіртақысын жинапты. Сол қаржыға біз де ақша қосып, қажетті материалдар мен Шымкент қаласынан араның әр ұясын сатып алдық. Әкесі аралар мекендейтін ұяшықты өз қолымен істеп берді. Әдепкіде он екі ұяшық болды, сонда араларды баға бастадық. Үш жылдан бері бұл кәсіпті ұлғайтып, омарта шаруашылығын отбасымыз болып дамытып келеміз. Пайда бар, сұраныс жыл санап артуда, – дейді Гүльюзум Кокшарова.
19 жасар омарташы Антонның негізгі мамандығы – дәнекерлеуші. Оның айтуынша, қазіргі тіршілігінің табысы жап-жақсы. Бірақ бал арасының бағуын келістірмесеңіз, шығын да болады. Өзі 11 жасынан бері атасының ара шаруашылығымен айналысқанын көріп, қызығушылығы артқан. Бүгінде ол 35-тен аса ұяшықта бал арасын өсіріп отыр. Шағын шаруашылыққа ата-анасынан бөлек, ағасы Сергей де көмектеседі. Ал анасы балды өңдеп, әр литрін 1500 теңгеден Қызылорда қаласы мен аудан тұрғын­дарына өткізеді. Тұрақты тұтыну­шылары мен сатып алушылары бар.
– Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаларға сүйеніп, бұл кәсіпті кеңейткім келеді. Отбасы­мызбен бірге айналысып отырған шаруа­шылықты әр қарай жандандыру – басты мақсатым. Әзірге ата-анам несие алып, бізге қолдау көрсетіп отыр. Алдағы қыста тағы да омартаға 10 ара ұяшығын қоссам деп отырмын, – дейді Антон.
Иә, бал арасын зерттеп тану қиынның қиыны. Белгілісі, адам денсаулығына мың дауасы бар. Бір ғана мысал, араның қанатының суылы бізге байқалмаса да, онымен демалған адамға күш-қуат беретін қасиеті бар екен. Айтпақшы, Альберт Эйнштейн: «Егер бал арасы болмаса, адамзат 4 жылдан соң жойылады» – депті. Кім білсін?!
Сөз басында айтқандай, аралар тайпасында жұмысшылары санатының тағдыры қиындау. Олардың маңдайына 52 күн өмір сүру жазылған. Қалай дейсіз бе?! 5-6 жылдық ғұмыры бар аналық араның жұмыртқасынан пайда болған әлгі біз айтып отырған күні санаулы араңыз ұяда жатып 20-21 күн дамиды. Енді 20-21 күнде ішкі жұмыстарды атқарып, өз ұяларын тазалап, бал таситын орынды дайындайды. Өзінен кейінгі жұмыртқаларды не аталық араларды тамақтандырады. Қалған 10 күнін бал тасумен өткізеді. Соңғы демі біткенше, гүл шырынын жинап, бейнет үстінде «демі үзіледі». Еркек аралардың тағдыры да осыған ұқсайды. Олар еш қызмет атқармайды. Тек келген балды жеп жата береді. Бар міндеті – аналық арамен уақытында шағылысу. Енді қызықты қараңыз. Күз түсісімен оларды (аталықтарды) ұядан қуып шығатын көрінеді. Қара суыққа ұрынып, солай қырылады.
Бұл ештеңе емес. Күзетші араның міндеті тіптен қызық. Өзге омартадағы араны өз ұясына кіргізбек былай тұрсын, аттап бастырмайды. Ал барлаушы аралар жан-жақтағы өнім көптігін қарап, бал жинайтын қор қай жерде мол кездессе сол жерге араларды шақыратын көрінеді. Кейде бұл барлаушыңыз басқа ұяшықтағы аралар санын да бақылап отырады. Тіпті, көрші аралар саны өздерінен аз болса, «басып алу операциясына» кіріседі. Сол себепті, әр ұяшықтың алдындағы күзетші ара өзге барлаушыларды өз ұясына кіргізбейді. Ал кірген жағдайда ол араңыз тірі шықпау керек. Алда-жалда тірі құтылса, онда тұтастай екі ұяшық арасын соғыс өрті қаулауы мүмкін. Өйткені бар мәліметті ұрлап әкетті ғой. Расымен, аралар «саясаты» адамзат саясаты секілді ғой.


Ержан ҚОЖАС

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!