Мем­лекеттік маңызы бар мәселелердің, соның ішінде жұмыссыздық көрсеткішін азайту, ішкі нарықты қамтамасыз ету, экономиканы дамыту сынды салалардағы көп сұрақтың шешімі – кәсіпкерлікте. Президенттің сөзінше, бүгінгі күні кәсіпкерлік ел экономикасының қозғаушы күшіне айналды деуге толық негіз бар.

Жақында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру жөніндегі конкурстың нәтижесі шықты. Осы жылы облыста жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз мемлекеттік грант тағайындалып, оған жалпы қоры 120 млн теңге қаржы бөлінген.
– Конкурстық іріктеу өткізу үшін биыл облыс әкімінің өкімімен арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамына жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми білім беру мекемелері, салалық сарапшылар, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері енгізілді. Жалпы 11 адам болды. Комиссия шешімі негізінде 1 тамыз бен 19 тамыз аралығында qoldau.kz цифрлық платформасы арқылы құжат қабылданды. Комиссия қарауына нақты грант көлемі 3 млрд теңгені құрайтын 673 өтінім енгізілді. Мұндағы осал топтағы азаматтардың үлесі 30,6 пайызды құрады. Ал жас кәсіпкерлер 213 өтінім тапсырды. Комиссия отырысы 31 тамыздан 8 қыркүйек аралығында өткізіліп, аудандағы, ауылдағы кәсіпкерлер жобаларын онлайн, ал қала кәсіпкерлері оффлайн таныстырды. Жалпы, қағида талаптары бойынша комиссия мүшелері жобаны 5 жұмыс күні ішінде қарап, qoldau.kz платформасында әрбір жобаға дауыс береді. Нәтижесінде жалпы 92 млн 667 мың теңгеге 26 жоба қаржыландыруға ұсынылды, – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мұса Қалдарбеков.
Комиссия төрағасы, «Dalatex» ЖШС директоры Ділмұхамед Абызов: «Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес конкурсқа тапсырылған жобалар іріктелді. Әрбір бизнес жобаны тереңінен саралап, жан-жақты зерделеп, зерттеп барып шешім шығардық. Ұсынылған өтінімдердің 50-ден астамы наубайхана, кондитерлік өнім өндіруге, 60-тан астамы ет, балықтан жартылай фабрикаттар дайындау, сүт өнімдерін өңдеуге, 75-і тігін тігуге, 17-і жиһаз өндіруге, 38-і СТО, вулканиза­ция, автожуу және детейлинг қызмет­теріне бағыт­талған», – дейді.
Комиссия мүшелерінің айтуынша, осыған дейінгі тәжірибе бойынша жобаны іске асырмаған, тиісті жұмыс орнын құрмаған, бұрын қолда­ныста болған, ескі құрал жабдық­тарды сатып алған, тіпті, қаражатты алып, өз мүддесіне жұмсаған жағдайлар да кездеседі. Жобасын ұсынып, қайтарымсыз қаржыға ие болсам дегендердің көбісі бастаймын деп отырған кәсібінің жауапкершілігін түсінбейді. Қайтарымсыз қаржының да сұрауы бар. Ұсынған жобаның да жауапкершілігі жоғары. Конкурсқа қатысып, бақ сынағысы келетіндер осыны ескергені жөн.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!