Ер азаматтар жүрексінетін жұмысқа батыл қадам басқан нәзікжандылар туралы қалай дәріптесек те жарасады. Нарық заманына тез бейімделіп, отбасы шаруасы мен кәсібін қатар дөңгелетіп отырған аяулы арулар қатарында есімі көпке таныс Жансая Туреманованың іскерлік әлемін сөз еткенді жөн көрдік.

Жан-жақты қарым-қабілеттің иесі Жансая Жәнібекқызы бірнеше салада өз жолын тапқан тұлға деуге болады.

Жасы отыз беске енді жетсе де бағындырған белесі биік. Жаңақорған аудандық құрылыс бөлімінде еңбек жолын бастаған ол бос уақытында өнерін дамытып келеді. Аудандағы той бизнес саласында биік талғамымен дараланып, нәзік болмысымен ерекшелеген Жансаяның өнеріне ел риза. Бүгінде ол аудандағы жалғыз әйел асаба, әрі той ұйымдастырушысы. Көбіне қыз ұзату, бесік той, тұсаукесер мен шағын мерейлі мерекелерді заманауи нақышта жүргізеді. Асабалық өнерде жүргеніне бес жылдан асқан. Көпшіліктің қуанышты шарасына ерекше дайындықпен баратынын біз де байқап жүрміз.

– Алғаш ұжымымдағы Наурызбай Битасов ағаның қыз ұзату тойын жүргізіп бердім. Осы шара менің қарым-қабілетімді ұштап, сұраныс көбейе бастады. Аптасына 2-3 тойға тапсырыс алып, мұқият дайындық жасаймын. Барынша той иесімен ақылдасып, көңілде қаларлық сәт сыйлауға тырысамын. Әр шара мен үшін үлкен жауапкершілік пен ізденіс жолы іспетті. Бір мәтінге байланып қалмаймын, әр тойға әртүрлі сөз саптауға асығамын. Сондықтан болар, көпшілік менің шығармашылығымды бағалайды, – дейді кейіпкеріміз.

Осы күнге дейін 300-ден аса қыздың ұядан ұшқан сәтіне куә болып, ұзату кешін ұйымдастырды. Сол қыздардан өрбіген ұрпақтың бірнешеуінің тұсауын кесіп, сүндет тойын атқарып жүр. Бүтін бір әулеттің барлық қызықшылығында басты жауапкершілікті алып жүруге лайық боларлық Жансаяның бойында қандай ерекшелік бар?! Көпшіліктің пікірінше, ол өз ісіне тиянақты әрі қолжетімді бағада қызмет көрсетеді.

Одан бөлек бес аспап аспаз. Тәтті бәліштер мен табиғи таза сусындарды жасап, әлеуметтік парақшасына жүктеуді де ұмытпайды. Үстіне ілген көркем киімдердің көбін өз қолымен әрлеген.

Бес перзентін жетілдіріп, жұмысын дөңгелетіп отырған ананың шапшаңдығына ілесу де мүмкін емес. Бойына осыншама қуатты қайдан алады? Бақсақ, оның өнерін қолдап отырған ата-енесі, жолдасы, абысын-келіндері екен. Әрине, асабалық қызмет әйел затына ырық берместей. Бірақ Жансаяға елдің жаудырған ақ пейілін бағамдап, олар қолдауды құп көріпті. Келінінің көптің алдына түсіп, сөз бастап жүргеніне ақ батасын берген атасы Таңат пен енесі Пернекүлдің үміті ақталғандай.

Өнер жолында жан-жақты қырын дамытуға дем беріп жүрген мәдениет майтал­мандары Күлән Әбіл­танова, Ырыскүл Лұқпа­нова, Шәкизат Қарабекова, Зүлфия Шалабаева, Талап Тотаев, Уәлибек Ибрагимовтарды да айта өту керек.

Алдыңғы буын аға-апалардың бойындағы адамгершілік қасиетті бойына сіңіріп өскен жанның жұлдызы жарық. Аудандық келіндер сайысын жыл сайын ұйымдастырып, ел ішіндегі елеусіз жүрген нәзік жандылардың дара қасиетін көпшілікке танытып жүрген­діктен Жансая Туреманованы көшбасшылық қабілетке ие деуге толық негіз бар.

Қайырымдылық жолында да жомарттығымен танылды. Жансаядай арамызда қаншама қыз-келіншектер бар. Етегінен өрбіген бала-шағасын жетілдіру үшін ешкімге алақан жаймай, адал еңбекпен нәпақасын тауып, үлгілі ісімен алға озып, жан-жағына нұр төгіп, халықтан алғыс алып өніп-өскен Жансаяның бұд қасиеті көпке ой салса екен.

Мақпал МАРҚАБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!