Абзал Молдабек – зергер. Бала күнінен әдемілікке құштар кейіпкерімізге бұл қасиет отбасынан дарыған. Бүгінде тек Қазақстанға емес, алыс-жақын шетелде бұйымдары сұраныста. Қырғызстаннан да қызығушылық танытатындар табылыпты. Біз де он саусағынан өнер тамған зергердің жұмысын әлеуметтік желіде көзіміз шалып, байланысқа шықтық.

– «Мен жасаған туынды екінші жарыққа шықпайды» депсіз. Эксклюзив дүниелер жасайсыз ба?
– Отбасымда 6 ағайындымыз. Ағам зергерлікпен айналысады. Менің алғашқы ұстазым да сол. Сол кісіден үйреніп, тәжірибе жинақтадым. Осылайша жеке шеберхана ашып, авторлық құқық алдым. Бұл салаға келгеніме 10 жыл болыпты. Қазір мен Алматыда, ағам Талғарда зергерлікпен айналысады. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде көркемсурет факультетінде қолөнер мамандығы бойынша білім алдым. Көпжылдық тәжірибе осы өнерде төселуіме, жаңа, көзтартар туындылар жасауда көмектесті. Көбіне эсклюзив бұйымдар жасаймын. Әрбір элементті бүге-шүгесіне дейін қиюластырамын. Бұған қоса табиғи тас пайдаланамын. Оларды табу, өңдеудің өзі түсінген адамға үлкен жұмыс. Бізде стандарт дизайндар бар. Арнайы тапсырыспен емес, тек өз қолымыздан шыққан дизайндағы бұйымдарды ұсынамыз.


– Белгілі бір жетістікке, нәтижеге жетуде ұжымның еңбегі болатыны түсінікті. Шеберханада қанша адам жұмыс істейді?
– Шеберханада тұрақты 4 адам жұмыс істейді. Оған қосымша тас өңдейтін, тағы бірлесіп жұмыс істейтін шеберханалар бар. Өйткені кейбір құралдарды алуға қаржы қолбайлау. Сондықтан серіктестікте жұмыс істейміз. Шеберханадағы барлық зергер – шәкірттерім. Арнайы өткізген курсымнан соң жанымда тұрақтады. Негізі 30 шақты шәкіртім бар. Олардың барлығы зергерлікпен айналысуда. Кейбірінің жеке шеберханасы бар, жеке компанияларда жұмыс істеп жатқандары да жетерлік. Қырғызстаннан, Қазақстанның түпкір-түпкірінен келіп, шеберлік сабақтарыма қатысуды қалайтын жастар қатары көп.


– Бір бұйымды толық аяқтауға қанша уақыт кетеді?
– Бір ай, тіпті бір жыл уақыт керек болуы мүмкін. Мәселен, парақшамдағы тұмаршаны жасап шығаруға бір жыл уақыт жұмсадым. Өйткені оның дизайны, материалы ізденісті талап етті. Эскизден бастап соңғы нәтижеге жету оңай емес. Бірақ бұйымды аяқтағанда жүректе қуаныш ұялайды.
– Көбіне тапсырыс қай қаладан түседі?
– Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облысынан қызығушылар көп. Ол жақтың тұрғындары ұлттық нақыштағы бұйымдарды қатты ұна­тады. Күн­делікті тағып жүреді, басты тұтынушымыз сол жақта. Бізде ең өтімді 5-6 дизайн бар. Олар – «Өмір ағашы», «Қос Қарлығаш», ерекше неке жүзіктері, тағы да басқа.
Жасаған бұйымдарыңыз бірі бірінен өтеді. Айтыңызшы, шабытты қайдан аласыз?
– «Көре көре, көсем боласың». Әлемдік мықты брендтерді саралап, кәсіби шеберлермен пікір алмасу идеяның туындауына себеп. Оны ұлттық нақышпен ұштастырып, ерекше дүниелер шығарамын.
Парақшаңызда «Маған рудың, жүздің таңбасымен бұйымдарға тапсырыс жасатқысы келетіндер көп. Бұған қарсымын» деп жазыпсыз…
– Шеберхананың атауы – «Alash Jewels». Бар қазақты біріктіретін, ынтымаққа үндейтін атау болсын деген ниетпен таңдадым. Сондықтан рудың, жүздің таңбасы бар ешқандай тапсырыс алмаймын. «Руды бiлгенiң – қасиет, руға бөлiнгенiң – қасiрет». Мендік позиция осы.
«Қызылордадан бирюза шығады» деген мәтінді де көз шалды…
– Бірі білер, бірі білмес. Елімізде «Бирюза» асыл тасы шығады. Ол Балқаштан, орталық Қазақстанда Баянауылдан, кейінгі жылдары Қызылордадан табылды. Тіпті қазақтілді аудиторияда бирюза тасының табиғи немесе пластмасса екенін ажырата алмайтындар бар. Құндылығын енді ұғып жатыр. Негізі мұны өндіретін адамдар оны тек экспорттайды. Ресейге, АҚШ-қа сатады. Ол жақта асыл тасты жақсы бағалайды әрі қомақты бағаға өтеді. Қынжылтатыны, барды ұқсата алмай отырмыз. Сондықтан шикізатты сырттан күтеміз. Жоғарыда «бір бұйым жасау үшін бір жыл уақыт керек» дедім. Бұл – сол шикізатты сарыла күтетін уақыт.
Әңгімеңізге рақмет!


Сұқбаттасқан
М.САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!